Қазақстан – Франция матчында камбэк пен буллиттер болды
Хоккейден Қазақстан құрамасы әлем чемпионатының бірінші дивизионындағы А тобында соңғы кездесуін өткізіп, Францияны буллит сериясында жеңді.
Қазақстан құрамасы турнирдегі негізгі міндетін мерзімінен бұрын орындап қойған еді. Талғат Жайлауовтың шәкірттері бұған дейін төрт матчта қатарынан жеңіске жетіп, әлемдік хоккейдің элиталық дивизионына жолдама алған. Сол себепті Францияға қарсы ойында ұлттық құрама бұрынғы кездесулердегідей аса белсенді әрі қарқынды қимылдамады.
Алғашқы екі кезеңде есеп ашылған жоқ
Қазақстан мен Франция арасындағы матчтың алғашқы екі кезеңі сақ өтті. Екі команда да бірнеше шабуыл ұйымдастырғанымен қақпашылар сенімді ойнап, таблодағы есеп өзгерген жоқ.
Негізгі тартыс үшінші кезеңде басталды. 46-минутта Флавиан Дайр есеп ашып, қарсыластарды алға шығарды.
Француздардың голынан кейін қазақстандық хоккейшілер белсенділігін арттырды. 51-минутта Дмитрий Бреус есепті теңестірді.
Осыдан кейін екі құрама да жеңіс шайбасын соғуға тырысты. Бірақ негізгі уақыттың соңына дейін де, овертаймда да қақпаларға шайба түскен жоқ.
Жеңімпаз буллитте анықталды
Матч тағдыры буллит сериясында шешілді. Алғашқы бес мүмкіндікте екі команда да екі реттен дәл соқты. Қазақстан сапынан Роман Старченко мен Батырлан Мұратов өз мүмкіндіктерін сәтті пайдаланды.
Кейін Роман Старченко тағы бір мәрте дәлдік танытты. Ал Франция құрамасы шешуші мүмкіндігін іске асыра алмады.
Қазақстан бірінші орынды иеленді
Осылайша Қазақстан құрамасы Францияны 2:1 есебімен жеңді. Буллит сериясының қорытындысы — 3:2.
Бұл жеңістен кейін Қазақстан хоккейшілері әлем чемпионатының бірінші дивизионындағы А тобын бірінші орынмен аяқтады. Ең бастысы ұлттық құрама элиталық дивизионға қайта оралу міндетін орындады.