
Астаналық "Барыс" хоккей клубының қақпашысы Никита Бояркин жарақат алып, ұзақ мерзімге қатардан шығып қалды.
15 ақпанда, Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) тұрақты чемпионаты аясында өткен тольяттилік “Лада” командасына қарсы матчтың екінші кезеңінің басында Бояркин қарсыластың шабуылын қайтару кезінде оң тізесінен жарақат алды. Ол мұз айдынын өздігінен тастап кете алмады.
Медициналық тексеру нәтижесінде Бояркиннің оң тізе буынындағы алдыңғы айқас байламдарының жарақаты анықталды. Ағымдағы маусымда 26 жастағы қақпашы «Барыс» сапында 38 ойынға қатысып, оның ішінде командасы тоғыз жеңіске жетті. Ол соққылардың 92,4%-ын қайтарып, сенімділік коэффициенті 2,45 болды.
Бұған дейін бірқатар ақпарат көздері бойынша, Ұлттық хоккей лигасының (НХЛ) бір клубы Бояркинге қызығушылық танытқан болатын. Бірақ бұл туралы толық мәлімет әлі жарияланған жоқ.