
Әлеуметтік желілерде отандық спорт арнасының комментаторының кәсіби деңгейі сынға ұшырады.
Instagram желісінде жарияланған бейнежазбада автор Сұлтан Зауырбектің Оңтүстік Африка боксшысы Азинга Фузилеге қарсы өткізген жекпе-жегі кезіндегі қазақтілді комментатордың жұмысын сынға алған.
Комментатор жекпе-жек бойы “джеб” сөзін шамадан тыс жиі қолданғанын атап өткен автор, бұл кәсіби емес әрі бірсарынды екендігін айтты. Көпшілік оның айтқандарымен келісті.
“Осындай маңызды жекпе-жекте бір ғана сөзге телміріп сөйлеу — тыңдаушыға деген құрметсіздік”, — деп жазды пікір қалдырушылардың бірі.
Бейнежазба авторы комментатордың шеберлігін марқұм Амангелді Сейітхановпен салыстырып, екеуінің айырмашылығы айқын екенін атап өтті. Аты аңызға айналған комментатордың сөз байлығы мен эмоцияға толы репортаждарын еске алған қолданушылар қазіргі дикторларға кәсіби дамуға кеңес берді.
“Сейітхановты тыңдау — көркем әдебиетті тыңдаумен бірдей еді. Қазір эмоция жоқ, сөздік қор тапшы”, — деп жазды тағы бір қолданушы.
Пікір алаңдарында мыңдаған қазақстандық бейнежазба авторын қолдады. Көпшілігі комментаторлардың тіл мәдениеті мен кәсіби біліктілігін арттыруды талап етті.