
Филиппиннің Пасиг қаласында әйелдер арасында волейболдан Азия Чемпиондар лигасы мәресіне жетті. Финалдық кездесуде талдықорғандық "Жетісу" мен вьетнамдық "Бинг Дьен Лонг" командалары күш сынасты.
Турнир барысында Қазақстан чемпионы бірде-бір партияда қарсыластарына жеңілмей, финалға дейін сенімді түрде жетті. Дегенмен шешуші матчта бірінші партияны ірі есеппен ұтқанымен, екінші сетте қарсыластарға басымдық беріп қойды. Үшінші партияда тартысты ойын өрбіді. Бірақ шешуші сәтте Марко Гршичтің шәкірттері өз шеберлігін көрсетті. Төртінші партияда “Жетісу” толық басымдыққа ие болып, жеңісті 3:1 есебімен (25:14, 20:25, 25:23, 25:18) түйіндеді.
Осылайша “Жетісу” тарихында тұңғыш рет құрлықтық клубтық турнирдің жеңімпазы атанды. Бұған дейін Қазақстан атынан “Рахат” (2004, 2007 жылдары), “Алтай” (2021 жыл) және “Қуаныш” (2022 жыл) клубтары Азия чемпионатын ұтып алған еді.
Айта кетерлігі, финалға шыққан екі команда — “Жетісу” мен “Бинг Дьен Лонг” Азия атынан әлемдік клубтық чемпионатқа қатысу мүмкіндігіне ие болды.
Үшінші орынды Тайландтың “Накхонратчасима” клубы жеңіп алды. Олар қытайлық “Бэйцзинді” 3:1 есебімен (25:21, 21:25, 25:21, 25:19) тізе бүктірді. Бұл команда жартылай финалда “Жетісуға” жол берген еді.