
XDS Astana Team командасы Бельгияда өткен беделді біркүндік жарыс Famenne Ardenne Classic-те керемет нәтиже көрсетті. Команданың спринтерлік көшбасшысы Макс Кантер мәреге бірінші жетсе, әріптесі Кейс Бол екінші орынмен "Астанаға" қос жүлде алып келді.
Жарыстың жалпы ұзақтығы 186,7 шақырым болды. Старт пен мәре Марш-ан-Фаменн қаласында өтіп, Арденна аймағына тән қысқа өрлер мен техникалық бұрылыстармен өрілген трассамен жалғасты. Бұл рельеф командалар үшін нағыз тактикалық күреске айналды.
Макс Кантердің айтуынша, бұл жарыс "Астана" үшін мінсіз өткен күн болды:
"Бұл — біздің күніміз! Жігіттер жарыс бойы керемет жұмыс атқарды. Кейс Бол, Майк Тейниссен, Алессандро Ромеле мен Глеб Сырица — бәрі финалда нағыз кәсіпқойлық көрсетті. Шынын айтқанда, Кейс те бүгін жеңіске лайық еді. Осындай нәтижелер бүкіл ұжымға шабыт береді. Алда аздаған демалыс, одан кейін мен Джиро д’Италияға жол тартамын", — деді Кантер.
Кейс Бол да команданың тактикасын жоғары бағалап, нәтижеге риза екенін жеткізді:
"Бастапқы жоспарымыз — финалда Макске көмектесу еді. Соған сай әрекет еттік. Глеб пен Майк өз рөлдерін тамаша атқарды. 400 метр қалғанда мен спринт бастадым, мені тек Макс озды. Бұл — команданың тамаша үйлесімділігінің айғағы", — деп пікір білдірді Бол.