
Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаров мемлекеттік тілді меңгеру мақсатында елден қолдау сұрады. Ол алдағы бір жыл ішінде қазақ тілінде еркін сөйлей алатынына сенімді.
Үкімет отырысы алдында журналистермен тілдескен Марат Омаров өзіне маңызды міндет қойғанын айтты. Ол қазақ тілін үйреніп жүргенін ресми түрде мәлімдеп, бұл бағытта қоғамнан моральдық қолдау күтпек:
"Әрине, уақыт керек. Бірақ бір жылдың ішінде қазақ тілінде еркін сөйлей аламын деп сенемін. Қазақ тілін үйренуде сіздердің көмектеріңіз қажет. Жақында сұхбаттарды қазақша беремін", – деді федерация басшысы.
Марат Омаров 2024 жылдың желтоқсан айында Қазақстан футбол федерациясының президенті болып сайланды. Сайлау қорытындысы бойынша ол 34 дауыс жинап, ұйымның басшысы атанды.
Омаровтың бұл бастамасы футбол федерациясының мемлекеттік тілге бет бұруының айқын белгісі. Бұл қадам ел ішіндегі футболға деген қызығушылықты арттырумен қатар, мемлекеттік тілді насихаттауға да үлес қосары сөзсіз.