
"Қайрат" футзал клубының жаңа бас бапкері болып бразилиялық Даниэл Жуниор тағайындалатыны белгілі болды.
Бірнеше күн бұрын Жуниор Бразилияның «Кампу-Моран» клубынан ресми түрде кеткенін команданың әлеуметтік желідегі парақшалары жариялаған болатын. Жергілікті БАҚ мәліметінше, ол енді «Қайраттың» тізгінін ұстайды.
Бұған дейін «Қайрат» клубының президенті Қайрат Оразбеков 2023/2024 маусымындағы Бразилияның ең үздік жаттықтырушысы клубқа шақырылғанын айтқан еді. Бірақ нақты есімін атамаған.
Жаңа бапкердің «Қайраттағы» алғашқы ойыны 23 тамыз күні өтетін Қазақстан Суперкубогының финалында «Семейге» қарсы жоспарланған.
Даниэл Жуниор өз елінде бірнеше клубты жаттықтырып қана қоймай, Бразилияның жасөспірімдер құрамаларымен де жұмыс істеген. Атап айтқанда, U17 және U18 құрамаларын басқарған ол 2018 жылғы Жасөспірімдер Олимпиадасының чемпионы атанып, Оңтүстік Америка біріншілігінде де жеңіске жеткен тәжірибелі маман.
Еске салсақ, маусым айының басында испаниялық Марлон Веласко «Қайраттан» кеткен болатын. Ол 2023 жылдан бері клубтың бас бапкері қызметін атқарған еді.