
Ағылшындық клуб бауырмалдық пен құрметтің айқын үлгісін көрсетті.
Лондондық "Челси" клубының футболшылары Клубтық әлем чемпионатындағы жеңіс үшін алған барлық бонусын марқұм Диогу Жотаның отбасына аударды. 28 жастағы "Ливерпуль" және Португалия құрамасының шабуылшысы 3 шілде күні Испанияның Самора қаласындағы жол апатында қаза тапқан еді.
Оқиға кезінде Жотамен бірге оның туған інісі Андре де өмірден өтті. БАҚ мәліметінше, апаттың себебі — Lamborghini көлігінің шинасы жарылып, жоғары жылдамдықта қарсы бағыттағы машинаны басып озу кезінде басқарудан шығуы болған.
"Челси" маусым айында өткен Клубтық әлем чемпионатында топ жарып, клуб қазынасына 114,6 миллион доллар сыйақы алып келген. Оның ішінде 15,5 миллион доллар турнирге қатысқан ойыншылардың бонусы ретінде бөлінген еді. Дәл осы қаражаттың барлығы Жота отбасының есепшотына аударылды.
Жота – ағылшын Премьер-лигасындағы ең жарқын футболшылардың бірі болды. Ол "Ливерпуль" сапында ойнап, жанкүйерлердің жүрегін жаулап алған. Қайғылы жағдайдан бірнеше күн бұрын футболшы үйленгені белгілі болды.