
Атақты таеквондо шебері, қазақ рухының символына айналған Мұстафа Өзтүріктің қызы Неслихан Өзтүрік алғаш рет ата-бабасының жері — Абай облысына табан тіреді.
Неслихан Өзтүрік Қазақстанға арнайы сапармен келіп, Семей өңірін аралады. Қонақты облыс әкімі Берік Уәли қабылдады. Сонымен қатар кездесуге Түркия мен Қазақстаннан келген кәсіпкерлер — Омар Тәйжі мен Қайша Керей қатысты.
Германияның Мюнхен қаласында тұратын Неслихан ханым бұл сапарын өміріндегі ең әсерлі сәттердің бірі деп атады.
«Мен Германияда туып-өстім. Абай еліне, Семей қаласына алғаш рет келіп отырмын. Құрмет көрсетіп, жылы қабылдағандарыңызға зор алғысымды білдіремін. Ата-бабаларымның туған жеріне келіп, ерекше сезімді бастан кешіп отырмын», — деді ол.
Бұл сапар тек жеке әсермен шектелген жоқ. Кездесу барысында тараптар мәдени және спорттық ынтымақтастықты дамыту, Мұстафа Өзтүріктің атындағы халықаралық турнирлер ұйымдастыру мүмкіндігін де талқылады.
1954 жылы Түркияда дүниеге келген Мұстафа Өзтүрік – Қазақстанда таеквондоның негізін қалаған тұлға. Ол Кореяда білім алып, шығыс жекпе-жегін қазақ жастарына үйретіп, ұлттық спорт мәдениетінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосты.
Өзтүрік шәкірттеріне тек спорт емес, рух пен тәрбие мектебін қалдырды. Оның «шыңдалған тән – мықты рухтың айнасы» деген ұстанымы бүгінде де өзекті.