Қазақстан футбол федерациясы (ҚФФ) футзалдан ұлттық құраманың бас бапкері Пауло Рикардо Фигейро Силвамен (Кака) еңбек келісімшартының мерзімі аяқталғанын жариялады.
Бразилиялық маман 2018 жылдан бері Қазақстан құрамасын жаттықтырып, осы жеті жыл ішінде ел футзалының жаңа дәуірін қалыптастырды.
Кака бапкерлік қызметін бастаған сәттен-ақ ұлттық құраманың ойыны мен тәртібі жаңа деңгейге көтерілді. Оның басшылығымен Қазақстан әлем мен Еуропаның үздік құрамаларының қатарынан көрініп, ойын стилі мен ұйымдастыру мәдениеті жағынан зор прогресс жасады.
2021 жылы Литвада өткен әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы тарихта алғаш рет жартылай финалға шығып, төртінші орын алды. Бұл жетістік — еліміздің футзал тарихындағы ең үлкен табыс ретінде есте қалды.
Ал 2022 жылы өткен Еуропа чемпионатында біздің команда плей-офф кезеңіне дейін жетіп, әлем чемпионатының іріктеуін сенімді түрде еңсерді. Өзбекстандағы додада Қазақстан қайтадан үздік сегіз құраманың қатарынан көрінді.
Кака бапкерлік еткен жылдары Қазақстан құрамасы әлемдік рейтингте рекордтық көрсеткішке жетіп, футзал әлемінде беделді орынға ие болды.
Ол бірнеше рет «Жылдың үздік бапкері» атағына үміткер атанып, халықаралық деңгейде жоғары бағаланды.
Қазақстан спортына сіңірген еңбегі үшін Кака Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан II дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды.
Қазақстан футбол федерациясы Какаға көпжылдық еңбегі мен кәсібилігі үшін алғыс білдіріп, оның үлесі отандық футзал тарихында мәңгі сақталатынын атап өтті:
«Каканың жетекшілігімен ұлттық құраманың ойыны мінез бен табандылықтың символына айналды. Ол футболшыларға командалық рух пен нағыз жеңімпаз мінез қалыптастыруға жол ашты».