Swat Challenge: Қазақстан жауынгерлері рекорд орнатты

Сарапшы, спорт журналисі

Жарыстың үшінші күні ел намысын қорғаған үш бірдей команда жүлделі орындарға ие болды.

Swat Challenge: Қазақстан жауынгерлері рекорд орнатты
dknews.kz

Дубайда өтіп жатқан Swat Challenge халықаралық турнирінде Қазақстан құрамалары тағы да жоғары нәтиже көрсетті. Жарыстың үшінші күні ел намысын қорғаған үш бірдей команда жүлделі орындарға ие болды. Бұл туралы 24.kz хабарлады. 

Әсіресе "Қазақстан – А" құрамасы айрықша көзге түсіп, турнир тарихында рекорд орнатты. Олар "Жаралы офицерді құтқару" атты ең күрделі кезеңдердің бірін небәрі 2 минутта еңсеріп, мәре сызығын бірінші болып кесті. Мамандардың айтуынша, бұл көрсеткіш әзірге бұзыла қоймайды.

Жоғары деңгейде өнер көрсеткен "Қазақстан – В" құрамасы да лайықты нәтиже тіркеп, 2 минут 3 секунд уақытпен екінші орынды иеленді. Ал "Қазақстан – С" командасы 2 минут 6 секунд көрсеткішімен үздік үштікті түйіндеді.

"Әрине, бұл еліміздің арнайы жасақтарынан құралған құрама командаларымыздың ұжымдық нәтижесі. Сондай-ақ әрбір жауынгеріміздің жүйелі дайындығы мен қажырлы еңбегінің арқасында осындай жетістікке жетіп отырмыз. Алдағы жарыс күндерінен де осындай нәтиже күтеміз", – деді ҚР ІІМ ҰҰ "Бүркіт" арнайы жасағының бөлім бастығы Думан Рахманов.

Қазақстандық жауынгерлердің өнері шетелдік әріптестердің де жоғары бағасына ие болды. Өзге елдердің өкілдері олардың тактикалық сауаттылығы мен физикалық әрі психологиялық дайындығына ерекше назар аударды.

"Мен Қазақстан командаларын жарыс кезінде арнайы бақылап отырамын. Олар тактикалық тұрғыда әрбір ұсақ-түйекке дейін мән береді. Бұл мені қатты таңғалдырды. Дене дайындығы мен психологиялық тұрғыдан өте мықты екені анық байқалады. Өз басым Swat Challenge турниріне екінші рет келіп отырмын. Былтырдан бері сіздердің командаларыңызды үзбей бақылап жүрмін. Жыл сайын күшейіп, қарқын алып келеді", – деді сербиялық әскери журналист Милош Йевтич.

Айта кетейік, Swat Challenge турнирінде әлі төртінші және бесінші жарыс күндері өтеді. Мамандар мен жанкүйерлер қазақстандық командалар алдағы кезеңдерде де жоғары нәтиже көрсетеді деп үміттеніп отыр.

Бұл туралы не ойлайсыз?
👍 0
👎 0
😂 0
😡 0
×
Футбол Теннис Жекпе-жек Хоккей Жаңалықтар Авто Бәрі-бір