Осыған байланысты ұйымдастырушылар комитеті тиісті тексерісті бастады.
Милан мен Кортина қалаларында өтіп жатқан қысқы Олимпиада ойындарында дау туды. Спортшылар медальдардың сапасына шағымданып жатыр. Осыған байланысты Олимпиаданың ұйымдастыру комитеті аталған дерек бойынша ресми тексеріс бастады.
BBC дерегі бойынша, жүлдегер атанған спортшылардың медальдарында лента бекіткіші үзілсе, кейбірі тіпті бөлініп қалған.
Мәселен, алтын медаль иегерлері – АҚШ құрамасының тау шаңғышысы Бризи Джонсон мен мәнерлеп сырғанаушы Алиса Лю өз медальдарының бекіткіштері сынғанын хабарлады. Дәл осындай жағдай Германияның биатлоннан қола жүлде алған спортшыларында да байқалған. Кейбір атлеттердің айтуынша, марапаттар жүлде табыстау рәсімінен кейінгі эмоцияға толы сәттерде, секіру кезінде үзіліп түскен.
Жаға ұстарлық жағдай швециялық шаңғышы Эбба Андерссонмен болған. Оның күміс медалі бірнеше бөлікке бөлініп, қар үстінде шашылып қалыпты. Марапаттың тек екі бөлігі табылған. Үшіншісі сол күйі жоқ.
Ұйымдастыру комитеті өкілдерінің бірі Андреа Франчизи бұл жағдайды жоққа шығармай, тексеріс жүріп жатқанын мәлімдеді. Алайда әзірге бүлінген медальдардың орнына жаңасы табысталатыны немесе табысталмайтыны жөнінде нақты шешім қабылданған жоқ.
Айта кетейік, Олимпиададағы медаль сапасына қатысты мәселе алғаш рет көтеріліп отырған жоқ. 2025 жылдың ақпанына дейін Парижде өткен жазғы Олимпиада ойындарының ұйымдастыру комитетіне 220 медальды ауыстыру жөнінде өтініш түскен. Бұл барлық марапаттардың шамамен 4 пайызы. Сол кезде де спортшылар жүлделердің тез күңгірттеніп, сапасының төмен екенін сынаған болатын.