Италияда өтіп жатқан қысқы Олимпиаданың бүгін бесінші күні. Әзірге ұлттық құрама сапында медаль жоқ.
Бүгін, 11 ақпанда, 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарында Қазақстан үш спорт түрінде өнер көрсетеді.
Сағат 14:00-де шаңғы қоссайысы бойынша жарыстар басталады. Бұл сайыста Шыңғыс Рақпаров ел намысын қорғайды. Дәл осы уақытта қалыпты трамплиннен секіру кезеңі өтсе, 17:45-те 10 шақырымдық шаңғы жарысы басталады.
Әйелдер арасындағы фристайл-могулда сағат 15:00-де екінші іріктеу кезеңі өтеді. Қазақстан атынан Юлия Галышева, Анастасия Городко және Аяулым Амренова финалға жолдама алуға тырысады. Финалдық жарыстар 18:15-те басталады.
Сондай-ақ 18:15-те биатлоннан әйелдер арасындағы 15 шақырымдық жеке жарыс өтеді. Бұл бәсекеде Қазақстан намысын Айша Рақышева мен Милана Генева қорғайды.
2026 жылғы Олимпиада ойындарының барлық жарыстары "Qazsport", "Qazaqstan", "Хабар" және "Jibek Joly" телеарналарында тікелей эфирде көрсетіледі.
Еске салайық, Италияда өтіп жатқан қысқы Олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасының сапында 36 спортшы бар. Төртжылдықтың басты қысқы додасы 22 ақпанға дейін жалғасады.