Милан–2026: Қазақстан өкілдері ISU ұйымдастырған ресми қабылдауға қатысты

Сарапшы, спорт журналисі

Кездесу барысында Алматыда өтетін келесі Азия ойындарының жоспары талқыланды.

Милан–2026: Қазақстан өкілдері ISU ұйымдастырған ресми қабылдауға қатысты
ҰОК

Милан–Кортина-2026 қысқы Олимпиада ойындары аясында Халықаралық конькимен жүгірушілер одағы (ISU) Конькишілер үйінде Олимпиадалық қозғалыс жетекшілеріне арналған ресми қабылдау өткізді. Бұл туралы Қазақстан ҰОК хабарлады.

Іс-шараға Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин мен бас хатшы Әлімжан Ақаев қатысты.

Қабылдау шеңберінде ISU басшылығымен жұмыс кездесуі ұйымдастырылды. Атап айтқанда, ұйым президенті Ким Чжэ Ёль және бас директор Колин Смитпен бірқатар маңызды мәселелер талқыланды.

ISU басшысы қазақстандық делегацияны мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоровтың Олимпиада ойындарында алтын медаль жеңіп алуымен құттықтап, спортшының жоғары шеберлігін ерекше атап өтті.

Кездесу барысында қандай тақырыптар қозғалды?

Кездесу барысында тараптар қысқы спорт түрлерін дамыту, ұлттық федерацияларға қолдау көрсету, халықаралық әріптестікті кеңейту және 2029 жылы Алматыда өтетін қысқы Азия ойындарына дайындық барысын талқылады.

Геннадий Головкин Олимпиада ойындарының халықаралық спорттық ынтымақтастықты нығайтатын маңызды алаң екенін атап өтті. Оның сөзінше, ISU ұйымдастырған ресми қабылдауға қатысу – Қазақстан үшін үлкен мәртебе.

"2029 жылғы қысқы Азия ойындары қарсаңында серіктестікті одан әрі күшейтіп, тәжірибе алмасуды жалғастырып, конькимен жүгіру спортының дамуына бірлесіп үлес қосуға ниеттіміз. Бұл спортшыларды сапалы даярлауға және жарыстарды жоғары деңгейде өткізуге мүмкіндік береді", – деді ҰОК президенті.

Айта кетейік, бұған дейін Миланда Геннадий Головкин мен Азия Олимпиадалық кеңесінің президенті, шейх Джоан бин Хамад әл-Тани 2029 жылғы қысқы Азия ойындарын Алматыда өткізу туралы келісімге қол қойған болатын.

Бұл туралы не ойлайсыз?
👍 0
👎 0
😂 0
😡 0
×
Футбол Теннис Жекпе-жек Хоккей Жаңалықтар Авто Бәрі-бір