Бибісара Асаубаева әлемнің экс-чемпионымен ұпай бөлісті
Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева Пафос қаласында Үміткерлер турнирінің 11-турында өнер көрсетті.
Тең ойын
Турдың басты партияларының бірінде қазақстандық шахматшыға классикалық шахматтан әлемнің 16-чемпионы атанған қытайлық Тань Чжунъи қарсылас болды. Кездесу тең нәтижемен аяқталып, екі спортшы да 0,5 ұпайдан еншіледі.
Айта кетейік, қос шахматшы турнирде бұған дейін де кездескен. Төртінші турдағы алғашқы партияда да жеңімпаз анықталмай, дәл осындай нәтиже тіркелді.
Асаубаева маңызды ұпай жинап келеді
Қазақстандық шахматшы үшін бұл тең ойын турнир кестесіндегі жағдайын сақтап қалуға мүмкіндік берді. Әсіресе Асаубаеваның алдыңғы турда әлемдік рейтингтегі екінші нөмірлі шахматшы, қытайлық Чжу Цзиньэрді жеңгенін ескерсек қазіргі формасы жоғары деңгейде екенін аңғаруға болады.
Сол жеңіс қазақстандық шахматшының Үміткерлер турниріндегі мүмкіндігін арттырып, жанкүйерлердің үмітін күшейтті.
Үміткерлер турнирі Кипрдің Пафос қаласында 28 наурызда басталды және 16 сәуірге дейін жалғасады. Турнир қорытындысында бірінші орын алған шахматшы қазіргі әлем чемпионы Цзюй Вэньцзюньмен әлемдік тәж үшін матч өткізеді.