Қазақстан Азия чемпионатының алғашқы күнінде төрт медаль жеңіп алды
Қытайдың Хэфэй қаласында байдарка мен каноэде есуден Азия чемпионаты өтіп жатыр.
Стелла Суханова — Азия чемпионы
Қазақстан қоржынына алғашқы алтын медальді Стелла Суханова салды. Ол байдаркамен 1000 метр қашықтыққа жекелей жарыста үздік нәтиже көрсетіп, мәреге бірінші болып жетті.
Финалдық сында қазақстандық спортшы Қытай өкілі Цюй Нинді артта қалдырды. Қытайлық ескекші күміс жүлдегер атанса, Өзбекстан спортшысы Милана Душев-Янич қола медаль иеленді.
Терещенко мен Шмелёва күміс алды
Аралас жұптық байдарка жарысында Артём Терещенко мен Ольга Шмелёва 500 метрлік қашықтықта күміс медаль жеңіп алды.
Жүлдегерлер тізімі:
- Қытай — 1:36,64
- Қазақстан — 1:36,79
- Өзбекстан — 1:38,13
Қазақстандық жұп алтыннан небәрі 0,15 секундқа қалып қойды.
Каноэде есуден әлем чемпионатының қола жүлдегері Мария Бровкова 500 метрлік қашықтықта үшінші орын алды. Бұл сында алтын медаль қытайлыққа бұйырса, күміс жүлдені Вьетнам өкілі еншіледі.
Сондай-ақ байдаркамен 1000 метрлік қашықтықта Тимофей Емельянов пен Владислав Руденко жұбы қола медаль жеңіп алды.
Қазақстан құрамасының алғашқы күндегі нәтижесі
Осылайша Азия чемпионатының алғашқы жарыс күнінде Қазақстан құрамасы:
1 алтын, 1 күміс, 2 қола медаль жеңіп алды.
Биылғы құрлықтық дода ерекше маңызға ие. Себебі турнирде 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарына іріктеу рейтингілік ұпайлары сарапқа салынып жатыр.