"Жетісу" Азия Чемпиондар лигасының қола жүлдесі үшін ойнайды

Сарапшы, спорт журналисі

"Жетісу" әйелдер волейбол клубы 2026 жылғы Азия Чемпиондар лигасының финалына шыға алмады. Құрлықтық дода Бангкокта өтіп жатыр.

"Жетісу" Азия Чемпиондар лигасының қола жүлдесі үшін ойнайды
instagram/@vc_zhetysu

Азияның үздігімен кездесті

Талдықорғандықтар жартылай финалда Азияның ең мықты командаларының бірі саналатын Жапонияның “NEC Red Rockets” командасымен кездесті. Тартысты өткен ойында Кавасаки қаласының ұжымы 3:1 есебімен жеңіске жетті.

“Жетісу” сапында ең көп ұпай жинаған ойыншы Татьяна Никитина болды. Қазақстандық волейболшы бұл кездесуде 19 ұпай еншілеп, командасына барынша көмектесті. Дегенмен жапониялық клуб шешуші сәттерде сенімді ойнап, финал жолдамасын иеленді.

Қола медаль үшін таласады

Осы жеңістен кейін “NEC Red Rockets” Азия Чемпиондар лигасының бас жүлдесі үшін ойнайды. Финалдағы қарсыласы Таиланд клубтары арасындағы жартылай финалдан кейін анықталады. Ол ойында “Суприм Чонбури” мен “Накхонратчасима” кездеседі.

Ал “Жетісу” екінші жартылай финалда жеңілген командамен қола жүлдені сарапқа салады. Медаль үшін матчтар 30 сәуірге жоспарланған.

Қазақстандық клубтар Азияда бірнеше рет топ жарған

Айта кетейік, өткен маусымда талдықорғандық “Жетісу” алғаш рет Азия Чемпиондар лигасының жеңімпазы атанды. Бұл турнирде бұған дейін де қазақстандық клубтар табысты өнер көрсеткен. Атап айтқанда:

  • Алматылық “Рахат” – 2004 және 2007 жылдары;
  • Өскемендік “Алтай” – 2021 жылы;
  • Петропавлдық “Қуаныш” – 2022 жылы Азиядағы ең мықты командалардың бірі болған.