Қазақстан әлем чемпионатында Испаниядан айласын асырды (ВИДЕО)
Ерлер құрамасы Лондонда өтіп жатқан командалық әлем чемпионатында Испанияны жеңіп, келесі кезеңге жолдама алды.
Қазақстан Испанияны 3:1 есебімен жеңді
1/16 финалда Қазақстан құрамасы Испания командасымен кездесті. Алғашқы ойында Алан Құрманғалиев Альваро Роблесті 3:1 есебімен ұтып, құрамамызды алға шығарды.
Кейін Кирилл Герасименко басымдықты еселей түсті. Ол Хуан Пересті 3:1 есебімен жеңіп, жалпы есепті 2:0-ге жеткізді.
Испания құрамасы үшінші кездесуде есеп айырмасын қысқартты. Даниэль Берзоса Айдос Кенжеғұловтен 3:1 есебімен басым түсті.
Кирилл Герасименко жеңісті нүкте қойды
Шешуші матчта Кирилл Герасименко тағы да жоғары деңгей көрсетті. Ол Альваро Роблесті 3:0 есебімен жеңіп, Қазақстан құрамасының жалпы жеңісін қамтамасыз етті.
Осылайша, Қазақстан – Испания кездесуі 3:1 есебімен аяқталды. Келесі кезеңде ұлттық құрама Жапония – Бельгия жұбының жеңімпазымен кездеседі.
Әйелдер құрамасы жарысты аяқтады
Айта кетейік, Қазақстанның әйелдер құрамасы әлем чемпионатындағы өнерін аяқтады. 1/16 финалда Швеция құрамасына жалпы есепте 1:3 есебімен жол берді.