Қазақстан стенд атудан әлем кубогы кезеңінде "алтын" еншіледі
Әсем Орынбай Алматы облысында стенд атудан әлем кубогы кезеңінде ел қоржынына алғашқы алтын жүлдені салды.
Финалда қытайлықты жеңді
Алматы облысындағы Александр Асанов атындағы ату клубында стенд атудан әлем кубогы кезеңі жалғасып жатыр. Байрақты бәсекеде Қазақстан құрамасының көшбасшыларының бірі Әсем Орынбай "скит" жаттығуы бойынша үздік нәтиже көрсетті.
Финалдық кезеңге іріктеуден өткен 8 спортшы шықты. Бірнеше айналымға созылған шешуші сында Әсем Орынбай қарсыластарынан басым түсіп, бірінші орынға ие болды.
Финалда қазақстандық спортшы Қытай өкілі Цзян Итинді артта қалдырды.
Жүлдегерлер тізімі:
- Әсем Орынбай — Қазақстан
- Цзян Итин — Қытай
- Мартина Варфоломей — Италия
Әсем Орынбайдың жетістіктері
Әсем Орынбай бұған дейін де осы турнирде жоғары нәтиже көрсеткен. Ол 2023 жылы аталған әлем кубогы кезеңінде чемпион атанған еді.
Сонымен қатар қазақстандық мергеннің еншісінде:
- әлем чемпионатының қола медалі;
- Әлем кубогы финалының алтын жүлдесі;
- Азия ойындарының алтын медалі;
- Азия чемпионатының бас жүлдесі бар.
Алматы облысында өтіп жатқан додаға әлемнің 43 елінен 300-ге жуық спортшы келген. Жарыс 10 мамырға дейін жалғасады.