Бибісара Асаубаева Норвегиядағы турнирде әлем чемпиондарымен ойнайды

Спорт шолушысы

Қазақстан шахматының жұлдызы, блицтен әлем чемпионы Бибісара Асаубаева Norway Chess Women элиталық турниріне қатысатын алты шахматшының бірі ретінде ресми түрде бекітілді.

Бибісара Асаубаева Норвегиядағы турнирде әлем чемпиондарымен ойнайды
Instagram/@bibisarachess

Асаубаеваның қарсыластары кімдер?

Бибісара Асаубаева Norway Chess Women-2026 турнирінде әлемдік шахматтың ең мықты өкілдерімен күш сынасады. Қазақстандық шахматшыға қарсы мына спортшылар ойнайды:

  • Цзюй Вэньцзюнь — Қытай, қазіргі әлем чемпионы;
  • Чжу Цзиньэр — Қытай, әлемдік рейтингтің екінші нөмірі;
  • Хампи Конеру — Үндістан, әлем шахматының аңызы;
  • Анна Музычук — Украина, Norway Chess Women турнирінің қазіргі жеңімпазы;
  • Дивья Дешмукх — Үндістан, Әлем кубогының иегері.

Бұл құрам турнирдің деңгейі өте жоғары болатынын көрсетеді. Асаубаева үшін Норвегиядағы дода әлемдік элитамен тағы бір мәрте бәсекеге түсуге мүмкіндік береді.

Турнир қандай форматта өтеді?

Жарыс екі айналымдық жүйемен ұйымдастырылады. Яғни әр шахматшы қарсыластарының әрқайсысымен екі партиядан ойнайды.

Егер классикалық партия тең аяқталса, жеңімпаз "Армагеддон" арқылы анықталады. Бұл — міндетті түрде жеңімпазды шығаратын арнайы шешуші партия.

Norway Chess Women алғаш рет Ослода өтеді

Биылғы турнир 25 мамыр мен 5 маусым аралығында өтеді. Бұған дейін Norway Chess дәстүрлі түрде Ставангерде ұйымдастырылып келген еді. Бірақ 2026 жылғы жарыс алғаш рет Ослода өтпек.

Ерлер және әйелдер турнирлерінің жалпы жүлде қоры 3 380 000 норвегиялық кронға тең. Бұл шамамен 170 миллион теңге.

Әйелдер турнирінің жеңімпазы 700 000 норвег кронын, яғни шамамен 35 миллион теңге алады.

Карлсен мен Гукеш те жарысқа қатысады

Әйелдер додасымен қатар ашық турнир де өтеді. Онда әлемдік рейтинг көшбасшысы, норвегиялық гроссмейстер Магнус Карлсен, қазіргі әлем чемпионы Гукеш Доммараджу және басқа да топ шахматшылар бақ сынайды.