Ауыр атлет Айғаным Жанболат ел чемпионатында бес рекорд жаңартты

Спорт шолушысы

Талдықорғанда ауыр атлетикадан Қазақстан чемпионатында әйелдер арасындағы бәсеке рекордтарға толы болды.

Ауыр атлет Айғаным Жанболат ел чемпионатында бес рекорд жаңартты
instagram/@wf_rk

Ел чемпионаты мәреге жақындады

Талдықорғанда ауыр атлетикадан Қазақстан чемпионатының кезекті жарыс күні аяқталды. Әйелдер арасындағы бәсекеде 86 келі және +86 келі салмақ дәрежелерінің жеңімпаздары мен жүлдегерлері анықталды.

Бұл күннің басты оқиғасы — Айғаным Жанболаттың тарихи нәтижесі. Бұған дейін 77 келіге дейінгі салмақта Қазақстан чемпионы болған ол жаңа салмақ дәрежесіне ауысып, 86 келіде де мықтылығын дәлелдеді.

Бес рекордтың авторы атанды

Алматы облысының өкілі Айғаным Жанболат 86 келіге дейінгі салмақта жалпы есепте 256 келі көтерді. Оның нәтижесі:

жұлқа көтеру — 115 келі, серпе көтеру — 141 келі, қос сайыс — 256 келі.

Осы көрсеткіштер арқылы Жанболат Қазақстан чемпионатында бірден бес жаңа рекорд орнатты. Қарсыластарынан айқын басым түсіп, алтын медаль иеленді.

86 келіге дейінгі салмақ нәтижесі

  1. Айғаным Жанболат — Алматы облысы — 256 келі 115+141, жаңа рекорд
  2. Сания Орманбаева — Алматы қаласы — 221 келі 97+124
  3. София Шешукова — Жетісу облысы — 220 келі 99+121

Суперауыр салмақта Руфина Шалқарова чемпион атанды

+86 келі салмақта да тартыс жоғары деңгейде өтті. Бұл салмақта ұзақ жылдар бойы көшбасшылар қатарында жүрген Любовь Ковальчук күміспен шектелді.

Жетісу облысының спортшысы Руфина Шалқарова жалпы есепте 275 келі көтеріп, Қазақстан чемпионы атанды. Ол жұлқа көтеруде 123 келі, серпе көтеруде 152 келі бағындырды.

Ковальчук серпе көтеруде 154 келі көрсетіп, жаңа рекорд орнатқанымен қос сайыс қорытындысында Шалқаровадан бес келіге қалып қойды.

+86 келі салмақ нәтижесі

  1. Руфина Чалқарова — Жетісу облысы — 275 келі 123+152
  2. Любовь Ковальчук — Қарағанды облысы — 270 келі 116+154
  3. Динара Қыпшақбай — Қызылорда облысы — 187 келі 83+104

2025 жылғы көрсеткіштермен салыстыру

Өткен ел чемпионатымен салыстырғанда биылғы нәтижелер айтарлықтай өскен. Мысалы 2025 жылы 86 келіге дейінгі салмақта жеңіс үшін 207 келі жеткілікті болған. Биыл Айғаным Жанболат бұл межеден 49 келіге жоғары нәтиже көрсетті.