Олимпиада жүлдегері болған отандасымыз мансабын аяқтады
Ауыр атлетикадан Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Денис Уланов кәсіби спорттағы жолын аяқтағанын мәлімдеді.
Бұл туралы қазақстандық ауыр атлет өзінің Instagram парақшасындағы сторис бөлімінде хабарлады.
"Бүгін мен спорттық мансабымды аяқтадым! Баршаңызға үлкен рақмет!" — деп жазды Денис Уланов.
Спортшы жазбасына оқиға орнынан түсірілген суретті де қоса жариялаған.
Денис Уланов қандай жетістіктерге жетті?
Денис Уланов — Қазақстан ауыр атлетикасындағы танымал спортшылардың бірі. Ол халықаралық жарыстарда ел намысын қорғап, бірнеше ірі додада жүлдегер болды.
2016 жылы Азия чемпионы атанды. Ал 2017 жылы Универсиадада топ жарды.
Рио Олимпиадасындағы нәтиже қайта қаралған
Денис Уланов 2016 жылғы Рио-де-Жанейро Олимпиадасында төртінші орын алған. Бірақ кейін жарыс қорытындысы қайта қаралып, 2018 жылы Халықаралық Олимпиада комитеті қазақстандық спортшыға үшінші орынды берді.
Осылайша Денис Уланов Олимпиада ойындарының қола жүлдегері атанды.