Бибісара Асаубаева 96 миллион теңгелік халықаралық турнирде өнер көрсетеді

Спорт шолушысы

Қазақстандық шахмат жұлдызы, блицтен екі дүркін әлем чемпионы "Шахмат жұлдыздары-2026" турнирінде бақ сынайды.

Бибісара Асаубаева 96 миллион теңгелік халықаралық турнирде өнер көрсетеді
vesti.kz

Турнир Мәскеуде өтеді

Халықаралық шахмат додасы 1-6 шілде аралығында Ресей астанасы Мәскеуде ұйымдастырылады. Жарыстың жалпы жүлде қоры – 15 миллион рубль. Бұл шамамен 96 миллион теңгеге тең.

“Шахмат жұлдыздары-2026” турниріне бірнеше елдің мықты шахматшысы шақырылған. Олардың қатарында Ресей, Әзербайжан, Үндістан және Қазақстан өкілдері бар. Асаубаевамен бірге жарыста мына шахматшылар өнер көрсетеді:

  • Сергей Карякин;
  • Теймур Раджабов;
  • Владислав Артемьев;
  • Андрей Есипенко;
  • Евгений Томашевский;
  • Раунак Садхвани;
  • Александра Горячкина;
  • Екатерина Лагно;
  • Валентина Гунина.

Асаубаева тарихи нәтижені жалғастырмақ 

Бұған дейін Бибісара Асаубаева қазақстандық шахмат тарихы үшін маңызды жетістікке жеткен. Ол FIDE әйелдер арасындағы Үміткерлер турнирінде екінші орын алды.

Бұл дода 29 наурыз бен 16 сәуір аралығында Кипрде өтті. Асаубаева үшін бұл деңгейдегі жарыс дебюттік турнир болғанына қарамастан Қазақстан шахматы тарихындағы ең үздік нәтижелердің бірін тіркеді.