Жетісудағы бәйге: Қазақстан чемпионатының екінші кезеңінде кім жеңіске жетті?
Маусым Қызылордада басталғаннан кейін гранд-финал жолындағы тартыс Талдықорғанда жалғасты. Екінші кезеңде қатысушылар құнан бәйге, топ бәйге және аламан бәйге бойынша жүлделерді сарапқа салды.
Қазақстан чемпионатының екінші іріктеу кезеңі – OLIMPBET 2026 бәйгесі 16 мамыр күні Талдықорған ипподромында өтті. Кезеңнің жүлде қоры 24,8 миллион теңгені құрады.
Жүлде қорының қалай бөлінетіні және оның бәйгенің дамуына әсері туралы Olimpbet компаниясының даму жөніндегі директоры, чемпионаттың көпжылдық демеушісі Абзал Қалиев айтып берді:
"Жүлденің 60%-ын жылқы иесі, 30%-ын команда, 10%-ын шабандоз алады. Ең маңыздысы – бұл қаражат қарапайым отбасыларға түседі, ал жас шабандоздар жақындарына көмектесе алады. Olimpbet бес жылдан бері Бәйге федерациясымен ынтымақтастық орнатып келеді және біз ұлттық спорттың әлеуметтік лифтке айналып жатқанын көріп отырмыз. Қомақты жүлде пайда болған сайын дайындық деңгейі де өседі: иелері жылқыға көбірек қаржы құяды, жаттықтырушылар жүйелі жұмыс істейді, бәсекелестік күшейеді. Осылайша бәйге дәстүрлі жарыстан нағыз спорт индустриясына айналып келеді".
Кезең барысында үш дисциплина бойынша төрт жарыс өтті. Құнан бәйге – жас жылқылар жарысы, топ бәйге – орта қашықтық, ал аламан бәйге – күннің ең ұзақ жарысы.
Құнан бәйге, 7 км
Қазақстанда туған жылқылар арасында өткен құнан бәйгеде еліміздің түрлі өңірінен келген 18 үш жасар сәйгүлік бақ сынады. Жеңімпаз атанған – Айбарс. Шабандозы – Ерсұлтан Жарқын, иесі – Тастан Жанысбаев, жаттықтырушысы – Алматы облысынан Санат Рысқұлов.
- Екінші орын Сағадатқа бұйырды. Шабандозы – Ерсұлтан Тілеуқабыл, иесі – Тастан Жанысбаев, жаттықтырушысы – Санат Рысқұлов.
- Үшінші болып мәреге Ақорда келді. Шабандозы – Асланбек Әбдіқал, иесі – КСК Nomad Arena, жаттықтырушысы – Алматы қаласынан Ержан Ақтасов.
Топ бәйге, 12 км
Кезеңдегі ең көп қатысушы жиналған жарыс – топ бәйге болды. Жарыс жолына 31 сәйгүлік шықты.
- Бірінші орынды Абырой иеленді. Шабандозы – Айтқабыл Нұралы, иесі – Ғабит Садырқұлов, жаттықтырушысы – Жамбыл облысынан Айдос Разақов.
- Екінші болып Джокер мәреге жетті. Шабандозы – Бейбарыс Төрехан, иесі – Жәнібек Нұрмақсұтов, жаттықтырушысы – Алматы облысынан Болысбек Ескендір.
- Үшінші орынды Ламбил алды. Шабандозы – Мансұр Әлижан, иелері – Абылай Кәстенхан мен Давудбек Ибраймов, жаттықтырушысы – Алматы қаласынан Нұр-Әділет Ноқатай.
Аламан бәйге, 18 км
Аламан бәйгеде жеңіс Бозбиікке бұйырды. Шабандозы – Айсұлтан Саматұлы, иесі – Сапарғали Сатпаев, жаттықтырушысы – Алматы облысынан Жамбыл Бөбекбай.
- Екінші орын Бүйрыққа тиді. Шабандозы – Кеншілік Мансұр, иесі әрі жаттықтырушысы – Жетісу облысынан Мұрат Әбдірахманов.
- Үшінші орын – Айжұлдыз. Шабандозы – Темірлан Айдарханов, иесі әрі жаттықтырушысы – Алматы облысынан Бақытжан Төлебеков.
Гранд-финалға жолдама үшін тартыс 13 маусым күні Екібастұзда жалғасады. Онда Қазақстан чемпионаты – OLIMPBET 2026 бәйгесінің үшінші кезеңі өтеді.