"Үздік армагеддоным": Бибісара Асаубаева әлем чемпионын тізе бүктірді

Спорт шолушысы

Отандасымыз Норвегияның Осло қаласында өтіп жатқан Norway Chess Women-2026 турниріне қатысып жатыр. 

"Үздік армагеддоным": Бибісара Асаубаева әлем чемпионын тізе бүктірді
Vesti.kz

Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева Норвегияның Осло қаласында өтіп жатқан Norway Chess Women-2026 турнирінде маңызды жеңіске жетті.  Отандасымыз төртінші турда Қытай өкілі, қазіргі әлем чемпионы Цзюй Вэньцзюньнен басым түсті. 

Классикалық партия тең аяқталғанымен, "армагеддонда" Асаубаева сенімді жеңіске жетті.

"Бұл менің ең үздік армагеддоным"

Бибісара Асаубаева әлеуметтік желіде партиядан кейінгі әсерімен бөлісті. Ол бұл ойынды турнирдегі ең сапалы "армагеддондарының" бірі деп бағалады.

"Бәріне сәлем! Классикалық партияда тең түстім, ал "армагеддонда" жеңіске жеттім. Сапасы жағынан бұл, бәлкім, осы жерде ойнаған ең үздік "армагеддоным" шығар. Айтпақшы, мен қазіргі әлем чемпионымен ойнадым. Бұл біздің классикадағы алғашқы партиямыз еді. Ал рапидте бұрын ойнағанбыз. Бір рет қана, ол партияда да мен жеңгенмін", — деді Асаубаева.

Асаубаева көшбасшылығын сақтап қалды

Бұл жеңістен кейін Бибісара Асаубаева турнирлік кестедегі орнын сақтап қалды. Қазіргі таңда оның еншісінде 7 ұпай бар.

Norway Chess Women-2026 турнирі 10 турдан тұрады. Жарысқа алты шахматшы қатысып жатыр және бәсеке екі айналымдық жүйе бойынша өтуде.

Ослодағы әйелдер арасындағы Norway Chess-2026 турнирі 5 маусымға дейін жалғасады. Алда әлі бірнеше маңызды партия бар.