"Мен де осы жағдайды бастан өткердім": Ангелина Лукас Шайдоровтың жалақы туралы мәлімдемесін қолдады

Спорт шолушысы

Боксшының айтуынша мұндай жағдай қазақстандық спорт жүйесінде бұрыннан бар. 

"Мен де осы жағдайды бастан өткердім": Ангелина Лукас Шайдоровтың жалақы туралы мәлімдемесін қолдады
Instagram/@angelina_lukas1997

Лукастың сөзінше, ол Шайдоровтың шамамен бес ай бойы жалақы алмағаны туралы ақпаратты оқыған.

"Михаил Шайдоровтың бес айға жуық жалақы алмағаны туралы жағдайын оқыдым. Бұл мені таңғалдырмайды. Мен де Қазақстан құрамасында жүргенде осындай кезеңнен өттім. Құраманың көшбасшыларының бірі болсам да, маған небәрі 50 мың теңге төлейтін", — деп жазды Лукас.

Оның айтуынша, спортшы шындықты айтқанда немесе жүйеге қарамастан нәтиже көрсеткенде қолдаудың орнына қысым, қудалау және тапсырыспен жазылған материалдар басталуы мүмкін.

"Мен де мұны бастан өткердім: мен туралы ақпараттарды ортақ чаттарға таратып, маған қарсы жаппай шабуыл жасауға шақырған", — деді қазақстандық боксшы.

Лукас өзінің жетістіктері туралы жеткілікті айтылмағанын, ал нәтижелері әдейі төмендетіліп көрсетілгенін мәлімдеді. Сонымен қатар Туризм және спорт министрлігінің басшысымен кездескенін, сол кезде қаржылай қолдау уәде етілгенін, бірақ жағдай өзгермегенін айтты.

"Кейбір БАҚ мені қолдамақ түгілі, керісінше, еңбегімді әдейі кішірейтіп көрсетті, тарихи жетістіктерімді елемеді. Мемлекет басшысы менің жеңістерім мен нәтижелерім туралы білмесін дегендей әсер қалдырды", — деді Лукас.

Боксшы кәсіби спортқа қолдау көрсетілмейді деген ұстанымға да сұрақ қойды. Оның айтуынша, егер кәсіби спорт мемлекет тарапынан қолдау таппайтын болса, онда неге кейбір спортшыларға ерекше назар аударылғаны түсініксіз.

"Спорт министрлігінде кәсіби спорт қолдау таппайды дейді. Онда неге Жәнібек Әлімханұлы Президентпен кездесті? Неге Шавкат Рахмоновқа Мемлекет басшысы пәтер сыйлады?" — деп жазды Лукас.

Михаил Шайдоровтың жалақысына қатысты жағдай

Бұған дейін мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров Миланда өткен Олимпиада ойындарындағы жеңісінен кейін жалақы алмағанын мәлімдеген. Спортшының айтуынша, ол бірнеше ай бойы еңбекақысыз қалған, сондай-ақ дәрігерлік қолдаудан да айырылған.

Кейін Шайдоровтың сұхбатына Қазақстан Туризм және спорт министрлігіне қарасты Спортты дамыту дирекциясы жауап берді.