Қазақстан Еуропаның аты аңызға айналған жарысында сенсация тіркеді
Қазақстандық ArtLine Khazakhstan командасы GT2 European Series чемпионатының үшінші кезеңінде ел автоспорты тарихында маңызды нәтижеге жетті.
ArtLine Khazakhstan алғашқы жеңісін тойлады
Бельгиядағы әйгілі Spa-Francorchamps трассасында өткен жарыста қазақстандық ұжым алғашқы жеңісі мен алғашқы подиумын еншіледі.
Кезеңнің алғашқы жарысында команданың көшбасшысы әрі пилоты Шота Абхазава абсолюттік есепте үшінші орын алды. Сонымен қатар ол GT2 Masters санатында жеңімпаз атанып, ArtLine Khazakhstan командасына GT2 European Series турниріндегі тарихи табыс сыйлады.
Бұл нәтиже қазақстандық команда үшін ерекше маңызға ие. Себебі ArtLine Khazakhstan аталған еуропалық серияда алғаш рет подиумға көтеріліп қана қоймай, GT2 Masters класында жеңіске жетті.
Абхазава екі позицияға көтерілді
Шота Абхазава жарысты бесінші орыннан бастаған. Бірақ алғашқы бұрылыстың өзінде қарсыластарының өзара тартысын тиімді пайдаланып, жоғары шеберлігінің арқасында бірден екі позицияны ұтып алды.
Осыдан кейін қазақстандық пилот мәреге дейін үшінші орынды сенімді сақтап қалды. Бұл нәтиже оған абсолюттік есепте қола жүлде, ал GT2 Masters санатында жеңіс әкелді.
Жарыстан кейін Шота Абхазава эмоциясын жасырмады. Ол Spa-Francorchamps трассасындағы дода өте қиын жағдайда өткенін айтты.
"Бұл керемет жарыс болды. Жағдай өте ауыр еді — көліктің ішіндегі температура саунадан да жоғары болды. Соған қарамастан, Spa-Francorchamps менің сүйікті трассам болып қала береді", — деді Абхазава.
Қазақстандық команда жүлде қоржынын толықтырды
Үшінші кезең қорытындысы бойынша ArtLine Khazakhstan командасы бірден бірнеше марапатқа ие болды. Қазақстандық ұжым абсолюттік есепте қола медаль жеңіп алса, GT2 Masters класында жеке және командалық есепте екі алтын жүлде еншіледі.
Осылайша ArtLine Khazakhstan Еуропаның беделді автожарыс сериясында Қазақстан атынан тарихи нәтиже тіркеді.
Қазақстандық команда тағы да Spa-Francorchamps трассасында бақ сынайды. 25-27 маусым аралығында ArtLine Khazakhstan еуропалық Lamborghini Super Trofeo Europe сериясының үшінші кезеңіне қатысады.