"Астана" клубы ВТБ Бірыңғай лигасына ресми түрде оралды
Елордалық клуб 2026/27 маусымында қайта өнер көрсетеді.
Мәскеуде өткен ВТБ Бірыңғай лигасы кеңесінің отырысында 2026/27 жылғы чемпионатқа қатысатын клубтардың құрамы, турнир форматы және регламенті бекітілді.
Жаңа маусымның форматы
Жаңа маусымда ВТБ Бірыңғай лигасында 12 команда ойнайды.
Чемпионат екі кезеңде өтеді:
- Алғашқы кезеңде барлық командалар бір-бірімен екі айналым ойнайды.
- Кейін командалар А және В топтарына бөлінеді (әрқайсысында алты клубтан).
- Екінші кезеңде әр топ өз ішінде тағы екі айналым өткізеді.
Плей-офф жүйесі
А тобының алты командасы тікелей плей-оффқа шығады. Ал В тобындағы үздік төрт команда плей-ин ойнайды. Әр клуб маусымда 32 матч өткізеді. 2026/27 жылғы маусым 14-19 қыркүйек аралығында Мәскеуде өтетін Суперкубокпен басталады.
Елордалық клуб туралы не белгілі?
“Астана” баскетбол клубы ВТБ Бірыңғай лигасында 2011 жылдан 2025 жылға дейін өнер көрсетті. Әр жылдары елордалық ұжым сапында Джерри Джонсон, Янис Блумс, Рашид Махалбашич және Леонидас Каселакис секілді танымал баскетболшылар ойнаған. Клуб Қазақстанның 12 дүркін чемпионы және 2012-2015, 2017-2023 және 2025 жылдары ел біріншілігінде топ жарған. Сондай-ақ “Астана” ВТБ Бірыңғай лигасының плей-офф кезеңіне екі рет шығып, 2017 және 2019 жылдары ширек финалға дейін жеткен.