Қазақстан шахматшылары Азия чемпионатын алты "алтынмен" аяқтады
Қытайдың Шэньчжэнь қаласында жасөспірімдер арасында өткен 28-ші Азия чемпионатында Қазақстан шахматшылары үш бағдарлама бойынша жалпы 13 медаль жеңіп, оның алтауын алтын жүлде ретінде қоржынға салды.
Қытайда жасөспірімдер арасында шахматтан өткен құрлықтық біріншілік мәресіне жетті. Турнирде классика, рапид және блиц бағдарламалары бойынша жүлделер сарапқа салынды.
Қазақстан шахмат федерациясының мәліметінше, отандық шахматшылар жарыстың соңғы күнінде бірнеше медаль жеңіп алды.
Классикада екі қазақстандық чемпион атанды
Классикалық шахмат бағдарламасында Қазақстан құрамасы екі алтын медальға қол жеткізді.
Адинұр Әділбек O10 санатында Азия чемпионы атанса, Рамазан Төлеген O12 санатында үздік шықты.
Бұл жарыста Қазақстан қоржынына тағы екі қола медаль түсті. Милана Филиппова G12 санатында, ал Әлішер Абдсаттар O14 санатында үшінші орын алды.
Адинұр Әділбек екінші алтынын жеңіп алды
Адинұр Әділбек үшін бұл турнирдегі екінші алтын медаль болды. Бұған дейін ол рапид бағдарламасында да чемпион атанған болатын.
Рапидте тағы бір қазақстандық Мақсат Байсалбеков O14 санатында алтын жүлде жеңіп алды.
Сондай-ақ Амалия Едрешова G10 санатында, Әлішер Абдсаттар O14 санатында қола медаль иеленді.
Блицте Нұрали Нұршин мен Мария Холявко топ жарды
Жарыстың қорытынды түрі болған 3+2 форматындағы блицте Қазақстан құрамасы тағы екі алтын медаль жеңіп алды.
Нұрали Нұршин O10 санатында Азия чемпионы атанды. Ал Мария Холявко G18 санатында үздік нәтиже көрсетті.
Бұл бағдарламада Нұрмұхаммед Елемес O10 санатында күміс медаль жеңіп алды. Рамазан Төлеген O12 санатында, Дінмұхаммед Төлендинов O16 санатында қола жүлдегер атанды.
Осылайша Қазақстан шахматшылары классика, рапид және блиц бағдарламалары бойынша жалпы 13 медаль иеленді. Оның 6 алтын, 1 күміс және 6 қола медаль.
Турнирге 900-ге жуық спортшы қатысты
Жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионаты Шэньчжэнь қаласында 16-24 шілде аралығында өтті.
Жарысқа 30 ел мен аумақтан 900-ге жуық шахматшы қатысты. Қазақстан құрамасы осы бәсекеде үздік командалардың бірі ретінде көзге түсті.