"Семей" жаңа бас бапкерін ресми түрде бекітті
"Семей" футзал клубының бас бапкері қызметіне испаниялық Серджи Альтисент тағайындалды.
Альтисент “Семейдің” бас бапкері атанды
“Семей” футзал клубы Серджи Альтисенттің команданың бас бапкері қызметіне ресми түрде бекітілгенін хабарлады. 33 жастағы испаниялық маман қазақстандық клубқа 2025 жылдың қыркүйегінде қосылып, сол кездегі бас бапкер Аслан Смақовтың жаттықтырушылар штабында жұмыс істеген.
Аслан Смақов 2026 жылдың наурыз айында қызметінен кеткеннен кейін Альтисент уақытша бас бапкер міндетін атқарды. Енді клуб басшылығы оны команданың толыққанды бас бапкері ретінде бекітті.
Маманмен жасалған келісімшарт 2026/27 жылғы маусым аяқталғанға дейін күшінде болады.
“Серджиге жаңа қызметінде сәттілік, алға қойған мақсаттарына жетіп, “Семей” футзал клубымен бірге жаңа жеңістерге қол жеткізуін тілейміз”, – делінген клуб мәлімдемесінде.
Қазақстан чемпионатының финалына шығарған
Семейлік ұжым Серджи Альтисенттің жетекшілігімен өткен маусымда Қазақстан чемпионатының финалына дейін жетті. Шешуші серияда Алматының “Қайратына” жол беріп, ел біріншілігінің күміс жүлдегері атанды.
Испаниялық бапкер бұған дейін үш жыл бойы әйгілі “Барселонаның” резервтік командасын жаттықтырған. Сонымен бірге жас футзалшыларды дайындау және олардың шеберлігін арттыру бағытында жұмыс істеген.
“Семей” жаңа маусымға абонемент сатылымын бастайды
Клубтың хабарлауынша, 2026/27 жылғы маусымға арналған абонементтер 28 шілдеден бастап “Семейдің” ресми сайты арқылы сатылымға шығады.
Абонемент Қазақстан чемпионатының плей-офф кезеңінен басқа барлық үй матчтарына жарамды болады. Сонымен қатар УЕФА Чемпиондар лигасының кездесулері абонемент бағдарламасына кірмейді.
Жанкүйерлерге үш түрлі санат ұсынылады:
- Fan – 16 000 теңге;
- Comfort – 40 000 теңге;
- Elite – 60 000 теңге.
Әр санатқа сәйкес көрермендерге спорт кешенінің белгілі бір секторларынан орындар қарастырылады.