Қазақстандық семсершілер Өзбекстанды жеңіп, ӘЧ ширек финалына шықты
Гонконгте өтіп жатқан әлем чемпионатында Қазақстан ерлер құрамасы шпагадан командалық жарыстың 1/8 финалында Өзбекстанды жеңді. Тартысты кездесу 28:27 есебімен аяқталды.
Семсерлесуден әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы маңызды жеңіске қол жеткізді. Шпагадан командалық сында отандастарымыз Өзбекстан құрамасымен кездесіп, бір ұпай айырмасымен басым түсті.
1/8 финалдағы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы кездесу өте тартысты өтті. Екі команда да соңына дейін күресіп, жеңімпаз тек шешуші сәттерде анықталды. Қорытынды есеп — 28:27. Осылайша Қазақстан құрамасы әлем чемпионатының ширек финалына жолдама алды.
Алғашқы айналымда Финляндиядан басым түсті
Бұған дейін Қазақстан құрамасы жарыс жолын Финляндияға қарсы кездесуден бастаған. Бұл матчта қазақстандық семсершілер 45:39 есебімен жеңіске жеткен болатын.
Қазақстан құрамасы сапында Руслан Курбанов, Ерлік Сертай, Вадим Шарлаимов және Кирилл Проходов өнер көрсетіп жатыр.
Енді қазақстандық шпажистер ширек финалда Дания құрамасына қарсы шығады. Бұл кездесу жартылай финалға жолдама үшін өтеді.
Әйелдер құрамасы Украинадан жеңілді
Сондай-ақ 29 шілде күні әйелдер арасында саблядан командалық жарыстар өтіп жатыр.
Қазақстан құрамасы сапында Айгерім Сарыбай, Анастасия Гулик және Қайша Жәнібек сынға түсті. Алғашқы кездесуде қазақстандық спортшылар Украина құрамасына 33:45 есебімен есе жіберді.