Бибісара Асаубаеваның сүйіктісі АҚШ-та жүлде алды

Спорт шолушысы

Өзбекстандық гроссмейстер Жавохир Синдаров Saint Louis Rapid & Blitz 2026 турнирінде күміс жүлдеге ие болды. 

Бибісара Асаубаеваның сүйіктісі АҚШ-та жүлде алды
instagram.com/bibisarachess/

Синдаровтың жүлдесі 

Grand Chess Tour сериясының кезекті кезеңінде үндістандық шахматшы Рамешбабу Прагнанандха жеңімпаз атанды. Ал Жавохир Синдаров жалпы есепте екінші орынға тұрақтады.

Өзбекстандық шахматшы рапид бәсекесінде өте тұрақты ойын көрсетті. Ол тоғыз партияның екеуінде жеңіске жетіп, қалған жеті кездесуде тең түсті. Осылайша Синдаров рапид кезеңін бірде-бір жеңіліссіз аяқтап, 11 ұпай жинады.

Чемпион соңғы турда анықталды

Блиц сайысында да Синдаров чемпиондыққа таласты. Ол соңғы турларға дейін бірінші орыннан үмітті болған.

Бірақ жарыстың аяқталуына бір тур қалғанда Прагнанандхамен болған партия тең аяқталды. Бұл нәтиже үндістандық гроссмейстерге турнир жеңімпазы атағын мерзімінен бұрын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

Рапид пен блицті қосқанда барлығы 27 партия өткізген Жавохир Синдаров жарысты екінші орынмен аяқтады.

АҚШ-тағы нәтижеден кейін өзбекстандық шахматшы FIDE Circuit 2026 жалпы рейтингінде бірінші орынға көтерілді. Қазақстандық шахматшылар арасында оған ең жақын тұрған спортшы – Даниял Сапенов. Ол тізімде 53-орынды иеленіп отыр.

FIDE Circuit деген не?

FIDE Circuit – Халықаралық шахмат федерациясы 2023 жылы енгізген арнайы рейтинг жүйесі. Бұл жүйеде әлемнің ең беделді турнирлеріндегі нәтижелер есепке алынады. Сонымен қатар FIDE Circuit шахматшылар үшін Үміткерлер турниріне жолдама алудың негізгі жолдарының бірі саналады.

Ал Үміткерлер турнирінің жеңімпазы кейін әлем чемпионы атағы үшін матч өткізу құқығына ие болады.

Жавохир Синдаров туралы не белгілі?

Жавохир Синдаров 2005 жылы Ташкентте дүниеге келген. Ол 2018 жылы небәрі 12 жас 10 айында гроссмейстер атағын алып, шахмат тарихындағы ең жас гроссмейстерлердің қатарына енді.

Синдаров бала кезінде Counter-Strike ойынына да көп уақыт бөлген, кейін кәсіби шахматқа толықтай ден қойған. Сондай-ақ футболдан “Барселона” клубын қолдайды.

2026 жылы Жавохир Синдаров пен қазақстандық шахматшы, әйелдер арасында блицтен үш дүркін әлем чемпионы Бибісара Асаубаеваның кездесіп жүргені белгілі болды.