"Астана" жабыла ма? Спорт министрлігі даулы шешімнің себебін түсіндірді
ҚР Туризм және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Руслан Есеналин "Астана" баскетбол клубының жұмысы тоқтауы мүмкін деген ақпаратқа түсініктеме берді.
Министрлік “Астананың” нәтижелеріне назар аударды
Руслан Есеналиннің айтуынша, соңғы маусымдарда “Астана” халықаралық аренада қойылған міндеттерді орындай алмады.
“Соңғы жылдары клубтың халықаралық жарыстардағы нәтижелері қойылған міндеттер мен күтілген көрсеткіштерге сәйкес келмеді”, – деді ол.
Өткен маусымда “Астана” ВТБ Бірыңғай лигасында 12 команданың арасында соңғы орын алды. Елордалық клуб 44 матчтың тек екеуінде жеңіске жеткен.
Министрлік мәліметінше жеңілістер үлесі 95 пайыздан асып, бұл команданың ВТБ лигасындағы тарихындағы ең төмен көрсеткіш болды. Сонымен қатар “Астана” соңғы сегіз жылда турнирдің плей-офф кезеңіне өте алмаған.
Ішкі чемпионаттағы мақсаттар да орындалмаған
Ведомство өкілі клубтың Қазақстандағы жарыстарда да жоспарланған нәтижеге жете алмағанын айтты. “Астана” Қазақстан кубогы үшін күресте жеңіліп, Ұлттық лигада чемпион атана алмады.
Руслан Есеналин спортты қаржыландыру тиімділігін арттыруға бағытталған жаңа заң талаптарына да тоқталды.
Оның сөзінше, ендігі басымдық ұлттық құрамаларды дамытуға, спорт резервін қалыптастыруға және балалар мен жасөспірімдер спортын қолдауға беріледі. Сонымен бірге легионерлерді бюджет есебінен қаржыландыруға шектеу қойылған.
“Қалыптасқан жағдайда отандық баскетболды дамыту тәсілдерін қайта қарастыру мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Басым бағыт – жастар командасын дамыту, спорттық резерв дайындау және балалар мен жасөспірімдер спортын қолдау”, – деді Руслан Есеналин.
“Астана” ойыншылары Президентке үндеу жасаған
Бұған дейін БАҚ-та “Астана” баскетбол клубының негізгі командасы жұмысын тоқтатуы мүмкін деген ақпарат тараған еді.
Осыдан кейін клуб пен Қазақстан құрамасының бірқатар ойыншысы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновқа үндеу жасап, кәсіби команданы сақтап қалуды сұрады.
Баскетболшылардың пікірінше, клубтың жабылуы кейбір ойыншылардың мансабына кері әсер етіп, Қазақстан құрамасының мүмкіндігін әлсіретуі және елдегі баскетболдың дамуына соққы болуы мүмкін.