Геннадий Головкин тағы бір басшылық қызметке тағайындалуы мүмкін
Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин Ислам ынтымақтастығы спорт қауымдастығының Азия және Еуропа бойынша вице-президенті қызметіне үміткерлердің ресми тізіміне енді.
Қазақстан спортының танымал өкілі, ҰОК президенті Геннадий Головкин халықаралық спорт ұйымындағы маңызды қызметке кандидат ретінде тіркелді. Ол ISSA Атқарушы комитетіне 2026-2029 жылдарға арналған сайлауға қатысады.
Геннадий Головкиннің кандидатурасы біліктілік және этикалық талаптарға сәйкестігі бойынша қажетті тексеру рәсімдерінен өткен.
Осыдан кейін ол Ислам ынтымақтастығы спорт қауымдастығының Азия және Еуропа бойынша вице-президенті қызметіне ресми кандидат ретінде тіркелді.
Сайлау қашан өтеді?
ISSA Атқарушы комитетіне сайлау 2026 жылғы 12 қыркүйекте өтеді.
Дауыс беру Сауд Арабиясының Таиф қаласында өтетін ISSA-ның 15-ші Бас ассамблеясы аясында ұйымдастырылады.
ISSA қандай ұйым?
Ислам ынтымақтастығы спорт қауымдастығы Ислам ынтымақтастығы ұйымына мүше елдердің Ұлттық Олимпиадалық комитеттерін біріктіреді.
Аталған ұйым аясындағы басты спорттық жарыстардың бірі — Ислам ынтымақтастығы ойындары.