Паралимпиада чемпионы атанған отандасымыз жол апатына түсті (ВИДЕО)
2026 жылғы қысқы Паралимпиада чемпионы Ербол Хамитов Италиядағы оқу-жаттығу жиыны кезінде жол-көлік оқиғасына тап болғанын мәлімдеді.
Жүргізуші оқиға орнынан кетіп қалған
Ербол Хамитов әлеуметтік желідегі парақшасында оқиғаның жалға алынған велосипедпен келе жатқан кезінде болғанын айтты. Спортшының сөзінше, оған Mercedes маркалы минивэн соқтығысып, жүргізуші тоқтамастан оқиға орнынан кетіп қалған.
"Ассалаумағалейкум, баршаңызға. Менің басымнан жағымсыз жағдай өтті. Mercedes минивэні келіп соқты да, ештеңе айтпастан кетіп қалды. Оқиға кезінде жалға алған велосипедімнің дөңгелегі майысып қалды", — деді Хамитов.
Қазақстандық параспортшы кейін велосипедті жалға берген дүкенге барып, болған жағдайды түсіндірген. Ол оқиғаның видеосын көрсетіп, жол-көлік оқиғасына өзінің кінәлі болмағанын дәлелдеген.
Полиция шақыртудан бас тартқан
Спортшының айтуынша, жалға беруші полиция шақырмақ болған. Бірақ Хамитов жүргізушіні жауапқа тартпауын өтінген.
"Видеоны көрсеткеннен кейін минивэн жүргізушісінің оқиға орнынан кетіп қалғаны белгілі болды. Велосипедті жалға берген адам полиция шақырғысы келді. Бірақ мен қажет емес екенін айттым. Ең бастысы — бәріміз аманбыз. Жүргізушіні жазаламауды сұрадым. Бұл жағдай оған сабақ болады деп ойлаймын", — деді спортшы.
Сонымен қатар Ербол Хамитов бүлінген велосипед дөңгелегінің шығынын өзі өтегенін жеткізді.
"Бұл оқиғада ешкім зардап шеккен жоқ. Тек велосипедке зақым келді. Ең маңыздысы да сол", — деп түйіндеді параспортшы.
Хамитовтың тарихи жетістігі
Ербол Хамитов — Қазақстан параспортындағы ең табысты спортшылардың бірі. 2026 жылы Италияда өткен қысқы Паралимпиада ойындарында бір жарыс додасында екі медаль жеңіп алған Қазақстан тарихындағы алғашқы әрі әзірге жалғыз спортшы атанды.
Хамитов шаңғы жарысы мен парабиатлон бәсекелерінде өнер көрсетіп, ел қоржынына алтын және қола медаль салды.
Қазақстандық спортшы бұған дейін де халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелер көрсеткен. Ол 2023 жылы парашаңғы жарысынан әлем чемпионы атанса, парабиатлоннан әлем кубогында беделді "Хрусталь глобус" жүлдесін иеленген.
Пікірлер
Пікір жазу үшін кіріңіз.
Әзірге пікір жоқ. Бірінші болыңыз.