Penalty.kz қосымшасыГол туралы бірінші біліңіз Ашу
Футбол
Бөлімдер

"Семей" еурокубокте бір голға бесеумен жауап берді

Семейліктер футзалдан УЕФА Чемпиондар лигасы негізгі кезеңінің үшінші турында швейцариялық "Минерваның" қақпасына бес гол соқты.

"Семей" еурокубокте бір голға бесеумен жауап берді
instagram/@fcsemey

Ұтылып жатып, жеңісті жұлып алды

Есепті алғашқы болып швейцариялықтар ашты. 15-минутта Доменико Костаманья "Минерваны" алға шығарғанымен, қарсыласының басымдығы ұзаққа созылмады. Сол минутта Дедезиньо пенальтиді дәл орындап, таразы басын теңестірді.

Ал 19-минутта Біржан Оразов гол соғып, "Семейді" үзіліске жеңіп бара жатқан команда ретінде шығарды.

Кандидо дубль жасады

Екінші таймда қазақстандық клуб басымдығын арттырды. Габриэл Кандидо 22 және 32-минуттарда мергендігімен көзге түсіп, дубль авторы атанды. Матчтың соңғы минутында Нұрсұлтан Пиялы допты бос қақпаға бағыттап, қорытынды есепті бекітті — 5:1.

Семейліктер негізгі кезеңнің алдыңғы кездесулерінде словакиялық "Лученецті" 6:0 есебімен жеңіп, "Барселонадан" 1:6 есебімен ұтылған еді.

Үш турдың қорытындысында семейлік команда алты ұпай жинады. Бұған дейін Чемпиондар лигасының 1/8 финалына жолдаманы мерзімінен бұрын иеленген қазақстандық клуб енді жүлде жолындағы күресін плей-оффта жалғастырады.

Бұл туралы не ойлайсыз?