Михаил Шайдоров Қытайдағы Гран-при кезеңінде үздік үштікке кіре алмады
Мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада чемпионы ISU Гран-при сериясының үшінші кезеңінде қысқа бағдарлама бойынша бесінші орынға тұрақтады.
Қытайдағы Гран-приде неше ұпай жинады?
2026/2027 жылғы маусымдағы ISU Гран-при сериясының үшінші кезеңі Қытайдың Шэньчжэнь қаласында өтіп жатыр.
Ерлер арасындағы қысқа бағдарламада өнер көрсеткен Михаил Шайдоров төрешілерден 94,87 ұпай алды. Бұл нәтиже оған жарыстың алғашқы күнінде бесінші орынға орналасуға мүмкіндік берді.
Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы төрт айналымдық лутц секіруін орындау кезінде тепе-теңдігін әрең сақтап қалды. Дегенмен құламай, бағдарламасын соңына дейін жеткізе алды.
Шайдоровты жүлделі үштіктен неше ұпай бөліп тұр?
Қысқа бағдарлама қорытындысында жапониялық Као Миура көш бастады. Ол 102,90 ұпай жинап, бірінші орынға шықты.
Екінші сатыға оның отандасы Сюн Сато (101,97 ұпай) орналасса, ресейлік Евгений Семененко 99,72 ұпаймен үздік үштікті түйіндеді.
Ал төртінші орында Ресей өкілі Владислав Дикиджи тұр. Оның еншісінде 98,86 ұпай бар.
Михаил Шайдоровты үшінші орыннан небәрі 4,85 ұпай бөліп тұр. Сондықтан қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы еркін бағдарламада сәтті өнер көрсетсе, жүлдеге таласуға мүмкіндігі бар.
Ерлер арасындағы еркін бағдарлама 8 қараша күні Астана уақытымен сағат 10:00-де басталады деп жоспарланған.