Аяқкиімге бола алтынсыз қалды. Қазақстан спорт арбитражына жүгінді
Қазақстанның жеңіл атлетика федерациясы спорттық жүрістен Азия ойындарында бірінші келген Ясмина Тоқсанбаеваның нәтижесін қалпына келтіру үшін спорт арбитражына құжат тапсырды.
Спорт арбитражына қандай талаппен жүгінді?
Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте федерация Тоқсанбаеваның ісіне қатысты құжаттарды спорт арбитражына жолдағанын айтты. Қазақстан тарапы спортшының нәтижесін қалпына келтіріп, алтын медальді қайтаруды көздеп отыр.
Министрдің айтуынша, оқиғаға кінәлі тұлғалар әзірге анықталған жоқ. Арбитраждағы іс аяқталған соң жеңіл атлетті жарысқа дайындауға және сүйемелдеуге қатысқан мамандардың әрекетіне баға беріледі. Мырзабосынов қазір басты міндет Тоқсанбаеваны қолдау және мұндай жағдайдың қайталануына жол бермеу екенін атап өтті.
Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитеті Tengri Sport-қа берген жауабында аяқкиімге қойылатын талаптар Жеңіл атлетика федерациясы мен бапкерлер штабына алдын ала жеткізілгенін мәлімдеді. Комитеттің түсіндіруінше, талаптардың сақталуын солар қадағалауға тиіс болған.
Тоқсанбаева Азия ойындарында неге алтынсыз қалды?
21 жастағы Ясмина Тоқсанбаева спорттық жүрістен 20 шақырым қашықтықта Азия чемпионатының күміс және қола медальдарын жеңіп алған. Азия ойындарында ол 42 шақырымдық жарыста барлық қарсыласынан озып, мәреге бірінші жетті.
Бірақ жарыстан кейін Тоқсанбаеваның аяқкиімі регламентке сай келмейтіні анықталды. Ол жарыс нәтижесінен шеттетіліп, көрсеткіші жойылды. Кейін Жеңіл атлетика федерациясы оған жүлдеақыны толық төлейтінін мәлімдеп, пәтер табыстады.