Оқушы ауыр атлетикадан ересектер арасында Қазақстан чемпионы атанды
Астана атынан сынға түскен 14 жастағы Маргарита Ермакова ауыр атлетикадан ересектер арасындағы ел чемпионатында алтын медаль жеңіп алды.
Қазақстан чемпионатында қанша келі көтерді?
Ермакова жұлқа көтеруде 94 келіні, серпе көтеруде 118 келіні бағындырды. Қызылорда облысының өкілі Алтынай Тәңірбергенова 198 келімен күміс алса, Қарағанды облысынан келген Дарья Балабаюк 197 келімен қола жүлдеге ие болды.
"Осы Қазақстан чемпионатына арнайы дайындалдым. Сондықтан алдыма қойған міндеттерді толық орындай алдым. Енді мұнымен тоқтамай, бұдан да биік мақсаттар қоямын", – деді Ермакова. Оның сөзін Қазақстанның Ұлттық Олимпиада комитеті келтірді.
Маргарита Ермакова кім?
Ермакова ауыр атлетикадағы алғашқы нәтижелеріне Текелідегі олимпиадалық резерв спорт мектебінің тәрбиеленушісі ретінде қол жеткізді. Ол 2019 жылы, небәрі жеті жасында, 24 келіге дейінгі салмақта жастар арасында Алматы облысының чемпионы атанды.
2025 жылы Ермакова Қазақстан атынан халықаралық жарыстарға шыға бастады. Ол жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында алтыншы, ал жасөспірімдер Азия ойындарында жетінші орын алды. Биыл Ташкентте өткен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында қоссайыс қорытындысы бойынша қола жүлде жеңіп алды. Бұл оның халықаралық деңгейдегі алғашқы ірі жүлдесі болды.
Қазақстан ауыр атлетикасында бұған дейін де жасөспірім спортшы ересектер арасында ел чемпионы атанған. 2024 жылы 13 жастағы Ксения Прозорова 55 келіге дейінгі салмақта Қазақстан чемпионатын жеңіп алды. Бір жылдан кейін ол жасөспірімдер арасында әлем чемпионы атанды.