Лицензия №23019645 от 06.09.2023
Лицензия №22020324 от 02.11.2022
Лицензия №21031283 от 08.11.2021
Лицензия №22017905 от 28.09.2022
Келер жылдың ақпан айында өтетін қысқы Азия ойындарына Қазақстан сапынан 20 конькиші қатысады. Ұлттық олимпиада комитетінің мәліметінше, құрам ел біріншілігінің нәтижелері бойынша жасақталған. Бірақ мұнымен келіспейтіндер бар.
Бұлай дейтініміз, қазақстандық конькишінің әйелі батыл мәлімдеме жасап, Азиадаға іріктеудің әділ өтпегенін айтты. Оның сөзінше, бапкерлер өз шәкірттерін тықпалап, үздік нәтижелер көрсеткен өңір спортшыларына еш мүмкіндік берілмеген. Ол іріктеу чемпионаттары қағазда тіркелу үшін ғана ұйымдастырылатынын алға тартты.
"Күйеуім – ұрыс-керіске жоқ, өте мәдениетті әрі сыпайы адам. Бірақ мен үнсіз қалмаймын. 18-20 желтоқсанда Астанада конькимен жүгіруден Қазақстан чемпионаты өтті. Ол Азия ойындарына іріктеу ретінде қарастырылды. Алайда, күйеуім – халықаралық дәрежедегі спорт шебері Александр Кленко – 1500 метр қашықтықта жүлделі екінші орын алса да, тізімге енбей қалды", - деді спортшының жұбайы Аида.
Сөйте тұра, бапкерлер іріктеу чемпионатында небәрі бесінші орын алған өзге спортшыны қатарға қосқан. Аиданың айтуынша, дәл осы конькиші 2020 жылы басқа біреудің орнын иеленіп, Швейцариядағы жасөспірімдер олимпиадасына барған екен.
Кленконың отбасы мұндай бассыздықтың себебін анықтауға тырысып көрген. Кулуардағы әңгімелер барысында оларға қостанайлық спортшының жасы келіп қалғаны және командалық жарыстарға тура келмейтіні айтылған. Дегенмен, ресми жауап басқаша болды.
"Азия ойындары секілді халықаралық жарыстарға қатысатын команданы жасақтау – бұл көптеген критериден тұратын күрделі процесс. Олардың арасында спорттық нәтижелер, спортшылардың физикалық жағдайы, олардың мамандануы, жаттықтырушылар штабының ұсыныстары, сондай-ақ команданың өнер көрсету стратегиясы бар. Біз мұндай шешімдердің қай кезде де ауыр соғатынын түсінеміз, әсіресе бұл жоғары нәтиже көрсететін және өз өмірін спортқа арнаған спортшы жайлы болса. Алайда, бұл шешімдер тек команданың мүддесі үшін және мемлекет қойған жалпы мақсаттарды ескере отырып қабылданады", - деді конькимен жүгіруден ұлттық құраманың бас бапкері Александр Панфилов.
Ол бұл жағдайда үш спортшыдан құралатын командалық жарысқа басымдық берілгенін атап өтті. Сонымен қатар қатысушыларға квота саны да шектеулі екенін қоса кетті: яғни елімізден 10 ер және 10 әйел. Осы талап күрделі шешім қабылдауға себеп болды деп отыр.
Алайда тағы бір маңызды мәселе бар. Ұлттық олимпиада комитетіне өтініштерді беру мерзімі 1 желтоқсанға дейін деп бекітілген. Сондықтан желтоқсанның соңына таман өткізілген ел біріншілігінің қорытындылары ешқандай рөл ойнаған жоқ.
CMN.KZ сайтына берген сұхбатында бапкер дедлайн кезінде Кленконың рейтингіде 4-орында болғанын айтқан. Ендеше Қазақстан чемпионатының неліктен іріктеу турнирі деп аталғаны түсініксіз. Жалпы, бізде іріктеу жарысы деп айтылып, бірақ оның нәтижелері ескерілмейтін жайт жиі кездеседі. Мұның соңы спортшылар мен бапкерлер арасында түсінбестіктерге әкеп соғатыны рас. Бірақ, одан сабақ алып жатқан басшылық жоқ. Көбіне жылы жауып құтылады. Ал спортшылар алдағы күннен не күтерін, кімге барып шағым айтарын білмей далада қалады.
Айтпақшы, ҰОК ұсынған тізімде 19 спортшы бар.
Ал Харбиндегі Азия ойындары 7-14 ақпан аралығында өтеді.
Дереккөз: 1bol.kz