
Ауыр атлетикадан Қазақстан Ұлттық құрамасының бұрынғы бас бапкер Алексей Ни мен оның бауыры Виктор Ни төрт жылға спорттан шеттетілді. Бұл ақпаратты отандық ауыр атлетика федерациясының бас хатшысы Мадина Астамирова да растады.
Алдымен ағайынды бапкерлердің спорттан шеттетілгенін Допингке қарсы ұлттық агенттік хабарлады. Алексей Ни мен Виктор Ни спортшының немесе басқа тұлғаның допинг бақылау жүйесінің кез келген бөлігін бұзу, бұзуға әрекет ету әрекеті бойынша айыпталған. Бұл туралы Sportbugin.kz жазды.
Екі бапкер 2025 жылдың 20 қаңтары мен 2029 жылдың 20 қаңтары аралығында үлкен спорттан аластатылды.
Қазақстан ауыр атлетика федерациясының бас хатшысы Мадина Астамированың айтуынша, екі бапкерге қатысты 2023 жылы іс қозғала бастаған.
“Халықаралық допингке қарсы агенттік Алексей мен Виктор Ниді өмір бойына спорттан шеттетуді көздеген. Тексере келе, төрт жылға аластатылды. Бұл рас ақпарат. Отандық федерация мұны растайды”, — деді Астамирова.
Айта кетелік, Алексей Ни ұзақ жыл бойы ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасының бас бапкері қызметін атқарды.
Алексей Нидің жетекшілігімен Олимпиада және әлем чемпионы атанып, әлемдік жарыстарда жүлде алған спортшылар түгелдей атақтарынан айырылды. Олардың бәрі допинг қолданды деген күдікке ілінген.
Медальдарын қайтарып берген спортшылар арасында Илья Ильин, Светлана Подобедова, Жасұлан Қыдырбаев, Майя Манеза, Алмас Өтешов және Зүлфия Чиншанло бар.