
Бүгін Алматы халықаралық әуежайында төтенше жағдай болды. Ер адам пышақпен әуежай қызметкеріне шабуыл жасап, оны кепілге алды. Алайда оқиға орнында болған бейтаныс азаматтың батылдығы мен жедел әрекеті трагедияның алдын алуға көмектесті.
Куәгерлердің айтуынша, қоңыр түсті поло киген ер адам қаскөймен келіссөз жүргізіп, өзін кепілге алуды ұсынған. Осы сәтті пайдаланып, ол қылмыскердің қаруын тартып алып, полицияға көмектескен.
Оның есімі – Мұса. Жасы 52-де. Бес баланың әкесі. Жастайынан спортпен шұғылданғандықтан осындай төтенше жағдайларда үрейге бой алдырмайтынын айтады.
"Мен әуежайға туыстарымды шығарып салуға келдім. Бір кезде қыздың жанұшыра айқайлағанын естідім де, бірден сол жаққа жүгірдім. Қарасам, әлгі ер адам пышақпен соққы жасамақшы. Сол кезде оған:" Оны жібер, мені кепілге ал" дедім. Ол қызды босатып, мені ұстады," – деп оқиғаны баяндады Мұса.
Бұл оқиғаға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та назар аударды. Ол азаматтың батылдығы мен шапшаңдығын ерекше атап өтіп, оны мемлекеттік марапатқа ұсыну туралы тапсырма берді.