
Олимпиадада өнер көрсеткен Райан Веддинг ауыр қылмыстарға қатысы бар деп айыпталуда.
Бұрынғы канадалық сноубордшы Райан Веддинг әлемдік іздеуде жүр. Ол 2002 жылы Солт-Лейк-Ситиде өткен Қысқы Олимпиада ойындарында Канада құрамасының намысын қорғап, параллельді алып слаломда 24-орын алған.
Бірақ спорттық мансабы аяқталғаннан кейін Веддинг заңсыз істерге араласты. 2010 жылы оны есірткі сатқаны үшін қамауға алып, 4 жылға бас бостандығынан айырған. Бұл тек басы ғана болды. Қазір АҚШ билігі оны Колумбиядан АҚШ пен Канадаға жүздеген килограмм кокаин тасымалдаған қылмыстық желіні ұйымдастырды деп айыптауда. Сонымен қатар Веддинг кемінде үш кісі өлтіруге және бір кісі өлтіруге оқталуға қатысы бар деген күдікке ілінді.
Федералдық тергеу бюросы (ФБР) бұрынғы спортшыны ұстауға көмектесетін кез келген ақпарат үшін 10 миллион доллар сыйақы тағайындады.
Жергілікті құқық қорғау органдарының мәліметінше, қазір 43 жастағы Веддинг Мексикада жасырынып жүруі мүмкін.