Қазіргі таңда 34 жастағы балуан жасөспірімдерді еркін күрестің негіздеріне үйретіп жүр.
Олимпиада жүлдегері, әлем чемпионатының медаль иегері Нұрислам Санаев спорттық мансабын аяқтағаннан кейін Ресейдің Тыва Республикасында балаларға арналған «Сердца чемпионов» спорт клубын ашты. Осылайша, 34 жастағы балуан жасөспірімдерді еркін күрестің негіздеріне баулуда.
Санаевтың шешімі көпшілікті таңғалдырды, себебі ол ұзақ жылдар бойы Қазақстан намысын қорғап, елімізге Азия чемпионатының «алтынын» және Олимпиаданың «қоласын» сыйлаған спортшы еді. Бірақ еркін күрес шебері мансабын аяқтаған соң тарихи отаны — Тываға оралып, өмірінің жаңа кезеңін сол жақтан бастауды жөн көрді.
Нұрислам Санаев Қазақстан құрамасына 2014 жылы қосылған. Ол Ақтөбе облысының атынан жарыстарға қатысып, 10 жылдан астам уақыт ел намысын қорғады.
Санаев — Қазақстанның халықаралық дәрежедегі спорт шебері және соңғы онжылдықтағы ең тұрақты нәтиже көрсеткен балуандардың бірі.
Айта кетсек, спортшы Қазақстанға келген соң аты-жөнін өзгерткен болатын. Бұрынғы есімі — Артас Санаа.