Елге танымал олар осыдан бес жыл бұрын танысқан болып шықты. Десе де, қарым-қатынастарының нақты статусы әзірге белгісіз.
Көпшілікке Бота Миа есімімен танымал қазақстандық блогер Ақбота Нұрахын ММА файтері әрі актер Еркебұлан Тоқтармен қалай танысқанын айтып, ағынан жарылды.
Блогердің айтуынша, олар алғаш рет бес жыл бұрын, түсірілім алаңында жолыққан.
"Негізі Еркебұланмен біз бес жыл бұрын танысқан екенбіз. Таныстығымыз менің түсірілімімде болды. Сол кезде бокс лентасы керек болды. Біреу маған: “Еркебұлан Тоқтардан сұрап көрмейсіз бе?” деді.
Мен, әрине, ұялдым — өмірде мүлде таныс емес едік. Сосын адамдар жіберіп, “Лентасын алып келіңдер, сұрап көріңдер. Өзінікін берсін немесе жаттығуға арналғанын берсін” дедім.
Кейін өзі келді. Сөйтсек, біз бокс лентасын дұрыс орай алмай жатыр екенбіз. Ол өзі келіп, бәрін дұрыстап орап берді", – деп бөлісті Ақбота Нұрахын.
Кейін Бота мен Еркебұлан бірнеше ортақ жобаларға қатысқан. Олар комедиялық контенттер мен сериал түсірілімдерінде бірге жұмыс істеді. Әлеуметтік желілерде жиі ортақ вайндары мен промо-роликтері жарияланып, экранда ғашықтар немесе отбасылық жұп рөлін сомдап жүр.
Қазір олардың қарым-қатынасының нақты статусы ресми түрде жарияланған жоқ. Дегенмен әлеуметтік желідегі жазбалары мен бірлескен контентіне қарағанда, олар өздерін көпшілік алдында ғашықтар ретінде көрсетеді.