Шана спортының өкілі америкалық София Керкби Олимпиададағы мақсаты тек нәтиже көрсету емес екенін айтып, Олимпиада ауылының өзінде болашақ жарын табуды да жоспарлап отырғанын мәлімдеді.
24 жастағы спортшы Миланға (кейін Кортина аймағына) баруды асыға күткенін айтқан. Ал Олимпиадаға келген соң, көпшілікке ашық түрде танысуға дайын екенін жеткізген.
Керкбидің айтуынша, ол 12-сі күні жарысын аяқтайды да, Әулие Валентин күніне жұп іздейді. Сонымен бірге спортшы танысу шеңберін тек басқа атлеттермен шектемейтінін де атап өткен: капучино ішіп әңгімелесуге әртүрлі ортадан адамдармен кездесуге қарсы емес.
Спортшы әлеуметтік желідегі жазбасында танысу платформаларындағы парақшаларын қайта белсенді ететінін, жанкүйерлерімен де кофе ішуге дайын екенін меңзеген. Негізгі ойы — Олимпиада атмосферасын тек спортпен емес, жаңа таныстықпен де есте қалдыру.
Керкби кейінірек әлеуметтік желідегі жазбасынан соң көптеген кездесуге шақырту алғанын айтты. Сол ұсыныстардың бірі жергілікті диджейден келіп түскен. Спортшы бұл жағдайға әзіл араластырып, оқырмандарынан “кездесуге барсам қалай?” деген сарында пікір сұраған.
София Керкби шана спортында жоғары нәтиже көрсетіп жүрген атлеттердің бірі саналады. Оның еншісінде әлем чемпионатынан екі қола және бір күміс медаль бар.
Айта кетейік, Миландағы Олимпиада Керкби үшін карьерасындағы тұңғыш Олимпиада болып отыр. Соған қарамастан спорттық нәтиже мен өмірлік жоспарды “бір сапарға сыйдыруға” ниетті екенін жасырмады.