Қазақстандық әнші Қайрат Нұртас Олимпиада жүлдегері, марқұм Денис Теннің анасы Оксана Тенге арнайы барып, құрмет көрсетті.
Видеода әншінің Оксана Тенге үлкен гүл шоғын ұсынып келгені көрінеді. Қайрат Нұртас жазбасында Денис Теннің ел спортындағы орнын ерекше атап өткен.
“Батырымыз мәңгі жүрегімізде”, – деген мазмұнда ой қалдырған әнші Денис Тенді халық мақтанышы ретінде сипаттаған.
Жазбада Қайрат Нұртас Оксана Тенді Қазақстанның Олимпиададағы тарихи жетістігімен құттықтағаны айтылады. Алтын медальды ел қоржынына мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров салған.
Әнші бұл жеңістердің бастауында Денис Тен тұрғанын айтып, оның жастарға жол ашқан тұлға екенін жеткізген.
Кездесу кезінде Оксана Тен де Қайрат Нұртасқа жылы лебіз білдіріп, оның уақыт бөліп келгеніне алғыс айтқан. Сондай-ақ Денистің Қайратқа құрметпен қарайтынын еске түсірген.
Оксана Тен жас спортшыларға қолдау көрсету жөнінде өтініш білдіріп, Қайрат Нұртас олардың бір жобасына қатысуға ықыласпен келіскен.
Видеодан кейін әлеуметтік желіде түрлі пікірлер жазылған. Көпшілік Қайраттың бұл қадамын қолдап, Оксана Тенге ақжарма тілектерін жолдаған.