Елена Рыбакинаның әсерлі видеосы жанкүйерлерге Қазақстандағы қайырымдылығын еске салды

Сарапшы, спорт журналисі

Қазақстанның үздік теннисшісі, әлемнің екінші ракеткасы Елена Рыбакина Майамидегі турнир қарсаңында әлеуметтік желіде жүрекке жылы тиетін видео жариялады.

Елена Рыбакинаның әсерлі видеосы жанкүйерлерге Қазақстандағы қайырымдылығын еске салды
Instagram/@lenarybakina

Күшік бар видео желіде кең тарады

Теннисші Instagram парақшасында “Күшікке деген махаббат” деген сипаттамамен видео жүктеді. Онда Елена сүйкімді күшікті құшақтап тұрған сәтін көрсетті. Жарияланған ролик алғашқы 10 сағаттың ішінде 400 мыңнан астам қаралым жинап, жүздеген пікірге арқау болды.

Желі қолданушылары спортшының бұл сәттегі шынайы эмоциясына ерекше назар аударды.

Жанкүйерлер Еленаның мейірімді болмысын ерекше атап өтті

Пікір қалдырған оқырмандардың басым бөлігі Рыбакинаның тек кортта емес, өмірде де ерекше жан екенін жазған. Кейбірі оны күшікті өзіне алып қалуға шақырса, енді бірі спортшының сирек байқалатын шынайы күлкісіне сүйсінген.

Айта кетейік, жанкүйерлер арасында Елена Рыбакинаны көбіне сабырлы мінезіне бола “мұздай суық” спортшы ретінде сипаттайды. Ал әлемнің бірінші ракеткасы Арина Соболенко, керісінше, эмоцияға толы мінезімен ерекшеленеді. Осыған байланысты теннис жанкүйерлері екі спортшыны жиі “мұз бен жалын” деп салыстырады.

Рыбакина жануарларға тек сөзбен емес, іспен де көмектеседі

Бейнежазба астындағы пікірлерде жанкүйерлер Еленаның жануарларға деген жанашырлығы тек әлеуметтік желідегі милы кадрлармен шектелмейтінін де еске салды. Белгілі болғандай, қазақстандық теннисші ұтыс қаржысының бір бөлігін жануарларды қорғауға және панажайларға қолдау көрсетуге жұмсап келеді.

Оның көмегі халықаралық қорларға да, жергілікті бастамаларға да бағытталған. Әсіресе Қазақстандағы жануарлар панажайларына тұрақты түрде қолдау көрсететіні айтылды.

Мәліметке сәйкес, Елена Рыбакина соңғы мысалдардың бірінде Қазақстандағы панажайлардың біріне қарасты жануарларға 50 мың доллар көлемінде жем-шөп алып берген. Бұл жанкүйерлер арасында үлкен құрмет тудырып, спортшының адами болмысын тағы бір мәрте айқындай түсті.

Майамидегі турнирге дайындық 

Еске салсақ, осы аптада Елена Рыбакина беделді Майами турниріндегі жарыс жолын бастайды. Егер алғашқы айналым сәтті аяқталса, қазақстандық жанкүйерлер Елена Рыбакина – Юлия Путинцева кездесуін көруі мүмкін.

Бұдан бөлек, Майамидегі матчтар Рыбакина үшін әлемдік рейтингтегі екінші нөмір ретіндегі алғашқы ойындар болмақ.

Бұл туралы не ойлайсыз?
👍 0
👎 0
😂 0
😡 0
×
Футбол Теннис Жекпе-жек Хоккей Жаңалықтар Авто Бәрі-бір