Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров Алматыда серуендеп жүрген тұрғындар мен қала қонақтарына бауырсақ таратып, Наурыз мейрамымен құттықтады.
Италиядағы Олимпиада ойындарында ерлер арасында мәнерлеп сырғанаудан тарихи жеңіске жеткен Михаил Шайдоров Алматыда жұртшылыққа бауырсақ ұсынып, көпшілікпен естелік суретке түсті.
Сонымен қатар танымал спортшы алматылықтар мен мегаполис қонақтарына қолтаңба таратып, мерекелік шараның көркін қыздырды.
Михаил Шайдоров мереке күні жиналған қауымды Наурызбен құттықтап, бұл күннің өзі үшін де ерекше өткенін айтты.
"Наурыз мейрамы құтты болсын! Осындай тамаша мерекеде адамдарға көтеріңкі көңіл күй сыйлай алғаныма қуаныштымын", – деді спортшы.
Айта кетейік, Михаил Шайдоров Милан–Кортина-2026 қысқы Олимпиадасында мәнерлеп сырғанаудан алтын медаль жеңіп алып, тәуелсіз Қазақстан тарихындағы қысқы спорт түрлерінен шыққан екінші Олимпиада чемпионы атанды.