"Кеңес беруді доғарыңдар": Бибісара Асаубаева оқырмандарына жауап берді

Спорт шолушысы

Қазақстандық шахматшы, блицтен үш дүркін әлем чемпионы Бибісара Асаубаева жеке өміріне қатысты пікірлер мен талқылауларға байланысты оқырмандарына үндеу жасады.

"Кеңес беруді доғарыңдар": Бибісара Асаубаева оқырмандарына жауап берді
Instagram/@bibisarachess

22 жастағы спортшы Telegram-арнасында жазба жариялап, Үміткерлер турнирінен кейін аудиториясының едәуір көбейгенін және арнаны бұрынғыдай еркін жүргізу қиындай түскенін айтты. Оның сөзінше, бұл платформаны жеке күнделік ретінде қабылдаған.

"Аудитория көбейген сайын негатив пен айыптау да қатар жүреді. Мансабымда бұған үйреніп қалдым. Бірақ дәл осы арнада жайлы атмосфера сақтағым келеді. Сондықтан өзіме бағытталған кез келген негативті бірден бұғаттаймын", — деді Асаубаева.

Сондай-ақ шахматшы оқырмандарынан жеке өміріне қатысты орынсыз кеңес бермеуді сұрады.

"Маған қалай өмір сүру, кіммен кездесу, кіммен дос болу немесе немен айналысу керектігі туралы сұралмаған кеңес бермеулеріңізді өтінемін. Мені жақсы көрулеріңізді сұрамаймын, сіздерге ұнауға міндетті емеспін. Егер бір нәрсе көңіліңізден шықпаса, жай ғана жазылымнан шығыңыз", — деп жазды спортшы.

Қазір Бибісара Асаубаеваның Telegram-арнасына шамамен 20 мың қолданушы жазылған.